Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы Nur Otan партияішілік сайлауында 43 мыңнан аса партия мүшесі дауыс берген.
Праймеризге қатысушы белсенділер осыған дейін өз ұстанымдары мен алға қойған мақсаттарын батыл айта білді. Дауыс беру нәтижесі бойынша топ жарып, алға шыққандар белгілі бола бастады.
Праймеризде көп дауыс жинағандар арасында әйелдер мен жастар да бар. Сондай-ақ жаңадан шығып жатқан белсенді тұлғалар басым. Республика бойынша дауыс берушілердің қатысуы жағынан Алматы төртінші орында екен. Алматыда сайлауға қатысу көрсеткіші әрдайым төмен келеді, алайда, осы жолы дауыс берушілер санының жоғары болуы партияның бірлігінде болса керек.
Праймериз нәтижесінде жоғары дауыс жинаған белсенділер қатарында қоғам өміріне белсене араласып жүрген жастар мен қоғам белсенділерін көруге болады. Олардың қатарында есімдері бұрыннан танымал Мәди Ахметов, Жансая Әбдімәлік, Айсұлу Ерниязова, Әсия Ақанова, Мейіржан Туребаев, Серік Есматов, Жұлдыз Сүлейменова, Тау Нұрымбек және тағы басқалары бар.
Мәселен, Jas Otan жастар қанатының Алматыдағы филиалының төрағасы Мәди Ахметов қала өміріне белсене араласып, әрдайым өз ұсынысы мен пікірін айтудан жалыққан емес. Әсіресе, пандемия кезінде волонтер жастардың басын біріктіріп, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, қорғаныш заттарын жеткізіп, оларға қолұшын беруге белсене қатысқан еді.
Праймеризге қатысқандардың ішінде ең жасы - шахматшы қыз Жансая Әбдімәлік. Ол бірнеше Халықаралық сайыстың жеңімпазы, 14 жасында гроссмейстер атанған еді. Оның бағдарламасы зияткерлік спортты дамыту мен жастар саясатына негізделген.
Еліміз дарынды жастардың шетелге кету мәселесімен күресуі қажет. Оның арты сапалы адам ресурсының төмендеуіне әкеледі. Бұл жағдай жалпы мемлекеттік проблема ретінде қаралуы керек, өйткені ол әр деңгейде мемлекеттің араласуын талап етеді, - деген еді шахматшы.
Сондай белсенді жастардың бірі - «Волонтерлер лигасы» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязова. Былтырғы Жастар жылы және биылғы Волонтерлер жылында да Айсұлу өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екенін көрсете білді. Ол өз бағдарламасында: өсу перспективаларына қол жеткізу мүмкіндіктері, жас отбасыларды әлеуметтік-құқықтық қолдау және туризмді дамыту сияқты мәселлерді көтерген.
Қоғам өміріне белсене араласып жүрген жастың бірі - Әсия Ақанова. Ол Алмалы ауданындағы Белсенді өмір сүру орталығының және «Күміс ғасыр» қоғамдық қорының директоры. Әсия, әсіресе, егде жастағы адамдардың ұзақ өмір сүруіне, олардың уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, осы бағытта қызмет етіп келеді. Ол өз бағдарламасында негізгі 3 бағытты атап өткен еді. Оның біріншісі – егде жастағы адамдардың өмір сапасын жақсарту. Онда қарттарға арналған инфрақұрылымды құру, сауықтыру мен медициналық ресурстарға қолжетімділікті арттыру және оларды қала өміріне белсене араластыру жағы көтерілген. Екінші бағытында жастар, студенттер мен ждас мамандардың өмір сапасын жақсарту көзделген. Үшінші бағыт қала экологиясын жақсартуға арналған.
Праймеризде жоғары дауыс жинағандар қатарында белсенді жас Мейіржан Туребаев та бар. Ол бұған дейін актер, вайнер ретінде танылса, ендігі кезекте қала өміріне белсене араласып, қордаланған мәселелерді шешкісі келеді. Бұл бағытта оның өз ұстанымы мен алға қойған мақсаттары жетерлік.
Nur Otan партиясының белсендісі, 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы әрі параолимпиададан волейболдан Қазақстан жастар құрамасының капитаны Серік Есматов та партияішілік сайыста жоғары дауысқа ие болған. Қажырлы Серік Есматовтың есімі көпшілікке бұрыннан таныс. Қос аяғынан айырылса да, өзіне деген сенімін жоғалтпаған Серіктің алға қойған мақсаты зор.
Сондай-ақ праймеризде жоғары дауыс жинағандар арасында өмірлік тәжірибесі мол азаматтар да бар. Әсіресе, білім мен ғылым саласында жүргендер жоғары қолдауға ие болған. Олардың қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Алматы қаласы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Жұлдыз Сүлейменова, Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол академиясының проректоры Бекбол Рамазан, №169 мектеп-лицейінің директоры Гүлжан Бекенова бар.
Айтылған бұл адамдардың барлығы бұрын депутат болмаған, жаңадан сайланып жатқан азаматтар.
Жалпы праймериз нәтижесі бойынша Nur Otan партиясының 662 687 мүшесі, яғни 84,2%-і дауыс беруге қатысқан. 581 104 адам партиялық онлайн-форматта дауыс берсе, 81 583-і нұротандық дәстүрлі түрде қағаз бюллетеньмен таңдауын жасаған.
Партияішілік сайлауға 10 990 адам тіркелсе, олардың 36,7% - әйелдер, 29% – 35 жасқа дейінгі жастар құраған. Қатысушылардың орташа жасы – 43 жас.