Праймериздің адал өтуіне бар жағдайды жасаймыз - Қырықбаев

1 Қыркүйек 2020, 21:50
1484
Бөлісу:
Праймериздің адал өтуіне бар жағдайды жасаймыз - Қырықбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев праймеризге тіркелген өзін-өзі ұсынушылар жайлы айтты.

Екі күн бұрын Nur Otan праймеризіне үміткерлерді тіркеудің қорытындысы шығарылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партияішілік сайлау тұңғыш рет жалпыхалықтық ауқымда өтіп жатыр. Өз кандидатурасын ұсынған әрбір үміткерге шынайы алғысымызды білдіреміз. Праймериздің адал әрі барынша жария өтуіне бар жағдайды жасаймыз. Ол туралы Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те мәлімдеген болатын - деді ол.

Сонымен қатар ол осы айдан бастап өңірлік 216 сайлауалды бағдарламаның жобасы жарияланатынын айтты.

Онымен қоса "Жастар – Отанға!" арнайы бағдарламасының жобасы әзірленді. Праймериз барысында олар жер-жерде, халықпен бірге, жастардың ортасында кеңінен талқыланады. Бұның өзі – Президент Қ.К.Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының жүзеге асырылуының нақты көрінісінің бірі. Сайып келгенде, праймериздің өтуі, бағдарламалардың бүкпесіз-боямасыз талқылануы, жаңа партиялық тізімдердің әзірленуі – Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында белгілеген мақсат-міндеттермен, шынайы бәсеке, ашықтық идеяларымен ұштасады. Дей тұрғанмен, партияның праймеризі қоғамда, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқанын көріп, естіп жатырмыз. Оның ішінде сан алуан пікірлер мен балама көзқарастар, сындарлы ұстаным да, жөн-жосықсыз сын да бар. Алайда, біз конструктивті пікір үшін әрқашан ашық екенімізді атап айтқым келеді! Праймеризге қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін! - деді ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.


Өзгелердің жаңалығы