Прагада Алматы музейінің «Уақыт керуені» көрмесі ашылды

Бүгiн, 13:39
197
Бөлісу:
Прагада Алматы музейінің «Уақыт керуені» көрмесі ашылды
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Көрме Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның Чехиядағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы музейінің «Уақыт керуені» көрмесі келушілерді Ұлы дала халқының телегей-теңіз тарихы мен мәдениетімен таныстырады. Көрмеде қазақ халқының тұрмысымен, дәстүрлерімен, этнографиясымен және музыкалық аспаптарымен танысуға болады.

Көрме әлемнің түрлі елдерінен келген мәртебелі меймандар мен құрметті мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен ашылды. Сондай-ақ, Малайзия, Жапония, Корея, Ресей, Түркия және 20-дан астам елдің Елшілігінің өкілдері қатысты. Салтанатты іс-шараға Алматы қаласы мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Әсия Ақанова, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Салтанат Серікова және Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова қатысты.

Бүгінгі іс-шараға қатысу және сіздердің барлығыңызды көру мен үшін үлкен мәртебе, өйткені біз бүгін қазақ елінің ұлттық мұрасымен танысып қана қоймай, сонымен қатар екі үлкен қала Прага мен Алматының музейлері арасындағы дамып келе жатқан серіктестікке ықпал етіп отыр. Екі музей мен ел арасындағы берік қарым-қатынас орнайды деп сенемін, - деді Прага қаласы музейінің басшысы Иво Мацек құттықтау сөзінде.

«Көрме екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге және дамытуға қызмет ететініне сенімдімін», - деді Қазақстанның Чехиядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев.

Іс-шара аясында Алматы музейлер бірлестігі Түркі әлемінің «Ең үздік музейі» атанды. Сертификатты ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев табыстады. Ол Алматы музейлер бірлестігі Түрксойдың түркі әлеміндегі ең үздік музей атағына ие болғанын, оның түркі әлеміндегі музейтану мен музей зерттеулері саласында жүзеге асырылып жатқан қызметке қосқан зор үлесін мойындағанын атап өтті.

ХІІІ-ХІV ғғ. бой көтерген Прага музейі орналасқан ғимарат ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енгізілген. Көрме 31 тамызға дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы