Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тыйым салынған заттарды жасырын түрде темір тордың ар жағына өткізуге ниеттенгендердің саны азаймай тұр.
Бүгінгідей қарыштап дамыған заманда әккі іске баратындардың қулығы мен әдісі де әр алуан келеді. Соған қарамастан құйтырқы тірлік әшкереленіп, заңсыздықтардың жолы кесілуде.
Қазіргі таңда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес 481 бап бойынша материал жинақталып, іс әкімшілік сотқа жолданды. Заңға кереғар айласын асырмақ болғандардан тиісті айыппұл салынатын болады.Тараздағы ЖД-158/7 мекемесінде құқықбұзушылық анықталды. Жазасын өтеушіге сәлем-сауқат арқылы қатаң тиым салынған заттарды жөнелткен. Бұл жолы тосын сый тұрмыстық сұйықтық құтысынан шықты. Жедел тобының жіті тінту жұмыстары барысында "Samsung" маркалы 1 дана ұялы телефон табылды. Барлығын "Expert" кір жууға арналған гель ішіне салып, бандерольді "Қазпошта" АҚ арқылы көршілес Шымкент қаласының тұрғыны жолдаған – делінген ЖД-158/7 мекемесінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.