Португалияның Кашкайш қаласында Ұлттық Олимпиада комитеттері қауымдастығының (ҰОКҚ) 27-ші Бас ассамблеясы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Сессияға әлемнің түкпір-түкпіріндегі Олимпиадалық қозғалыстың 288 ұйымы, оның ішінде 200 ҰОК, Халықаралық Олимпиадалық комитет делегаттары, Халықаралық федерациялар мен Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комиттеттерінің өкілдері қатысып жатыр.
Қазақстан атынан Португалияға Ұлттық Олимпиадалық комитет президенті Геннадий Головкин мен ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев барды.
ҰОКҚ Бас ассамблеясының мақсаты тікелей диалог арқылы сессияға қатысушылар арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін мүмкіндіктер ұсыну болып саналады.
Ассамблея жұмысы барысында қауіпсіз спортты дамытуға арналған тиімді стратегиялар, ҰОК-тің болашағы және олимпиадалық бағдарламадағы эволюция сынды тақырыптарға көңіл бөлініп, спорт саласында жасанды интеллект құралдарын пайдаланудың болашақтағы рөліне баға берілді, оған қоса түрлі салада тәжірибе алмасу да жүзеге асты.
ҰОКҚ Бас ассамблеясы аясында Геннадий Головкин Біріккен күрес әлемі (UWW) басшысы Ненад Лаловичпен, Халықаралық гимнастика федерациясы президенті (FIG) Моринари Ватанабэмен, Халықаралық ауыр атлетика федерациясын (IWF) басқаратын Мохаммед Джалудпен, сонымен бірге Түркия, Франция Ұлттық Олимпиада комитеттері президенттерімен және өзге ҰОК өкілдерімен кездесті.