Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглованың төрағалығымен Үкіметаралық гранттар бойынша қорытынды комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Комиссия шешімімен 11 қазақстандық Польшаның жетекші жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға ұсынылды. Білім беру гранттарын тағайындау туралы соңғы шешім Польша Республикасының тарапынан қабылданады.
Грант академиялық оқу шығындарын өтейді және докторантура бағдарламалары бойынша оқитын студенттерге ай сайын стипендия төленеді. Оқу поляк тілінде өтеді.
Ұсынылған үміткерлер тізімімен Халықаралық бағдарламалар орталығының (bolashak.gov.kz) сайтында танысуға болады.
"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ үкіметаралық гранттардың әкімшісі бола отырып, өтінімдерді қабылдайды және үміткерлерді іріктеуді жүргізеді.