Польша-2019 велотурының кезеңі қайғылы оқиғамен аяқталды

6 Тамыз 2019, 12:39
1792
Бөлісу:
Польша-2019 велотурының кезеңі қайғылы оқиғамен аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бельгиялық жас велошабандоз Бьорг Ламбрехт Польша-2019 турының көпкүндігіндегі жол апатынан қаза болды. Бұл туралы Pro team Astana велокомандасының сайтында хабарланды.

Тур басталғаннан кейін 50 шақырымды жүріп өткен соң Lotto Soudal командасының 22 жастағы бельгиялық велосипедшісі бетон құбырға барып соқтығысты. Велосипедшілер жүретін жылдамдықты ескере отырып, соққының қаншалықты қатты болғанын тек болжауға болады.

Дәрігерлер Ламбрехтке шұғыл түрде алғашқы көмек көрсетіп, реанимациялық емшаралардан кейін өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізді. Велосипедші жансақтау бөлімінде операция жасап жатқан кезде қаза болған.

Ламбрехт Льеж-Бастон-Льеж жастар жарысын жеңген талантты спортшы болды. Сонымен қатар ол 2017 жылы өткен 4 веложарыста екінші болып мәре сызығына жеткен. Артынша 2018 жылы Lotto Soudal-мен профессионал контрактісіне қол қойды.

Польшадағы көпкүндікке қазақстандық Pro team Astana командасы да қатысты. Команданың велошабандоздары қаза болған бельгиялықтың жақындарына көңіл айтты.

"Бүгін Польшадағы Турда үлкен қайғылы оқиға болды. Тур кезінде талантты жас бельгиялық велошабандоз Бьорг Ламбрехт қайтыс болды. Бұл әлемдік велоспорт үшін үлкен қайғы. Біз болған оқиғадан кейін есеңгіреп қалдық. Біздің команда жақын достан айырылудың қандай екенін жақсы түсінеді. Бұны қабылдау өте қиын. Осындай қиын сәтте біз ойша Бьоргтің отбасымен және Lotto Soudal командасымен біргеміз", - деп атап өтті Александр Винокуров.

 

Өзгелердің жаңалығы