Полковник Панақұлов: Тыл жұмысы – тың жұмыс

28 Қараша 2022, 12:36
2748
Бөлісу:
Полковник Панақұлов: Тыл жұмысы – тың жұмыс

«Тылсыз жеңіс болмайды» деген әскери даналық бар. Отан соғысы кезінде де алаңда жүргендердің жағдайы үшін тылда еңбек еткендер ерекше бағаланды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

Ойлап қарасаң, қарны аш, киімі жұпыны әскердің жеңіске жетуі оңай ма? Әрине, жоқ. Қуатты елдің әскері де қуатты болуы керек. Тылы мықты әскердің тіреуі де мықты болады. Қазіргі таңда тылдағы әскери қызметшілер қандай еңбек етеді, олардың мақсаты қандай деген сұрақтардың туындауы да заңды. Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімі командирінің тыл жөніндегі орынбасары, полковник Айберген Панақұловпен әңгімелеске едік.

– Айберген мырза, тыл саласының маңыздылығы мен өзектілігі жайлы көп айтылады, әртүрлі пікірлер де бар. Оқырман тыл саласы бойынша жалпы түсінікке ие болуы үшін тыл әскері туралы айтып берсеңіз. 

– Әскердің тылы – Қарулы Күштер түрлерінің күнделікті өміріне, оқуына, қызметіне керекті заттармен және материалдық, техникалық, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған бөлімдердің, бөлімшелердің материалдық кешені. Тылдың негізгі міндеттері – бөлімдерді керекті материалдық жабдықтармен, оқ-дәрімен, жанармаймен, азық-түлікпен қамтамасыз ету, әскери қаруды, техиканы әрдайым дұрыс даярда ұстау, оларды дер кезінде жөндеу болып табылады. Байқасаңыз, әскердің әр өмір тіршілігінде тылдық қамтамасыз етусіз болмайды. Тыл қызметі – әскердің күре тамыры секілді барлығын қамтиды. Сондықтан болар, тыл қызметі әскерде өз алдына бір сала. Оның міндетін, алар орнын аластатуға болмайды. Жауынгерлердің үстіндегі киімі мен жейтін азық-түлігі, жатын орны барлығы тыл офицерлерінің жауапкершілігінде. Әскери қызметшілер тылдық жағынан қамтамасыз етілген жағдайда, әлеуметтік қорғалған жағдайда ғана қызметіне адал болатыны сөзсіз.

– «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» деген түсінік бар. Бұл орайда әскерилердің материалдық жағдайын жасау қаншалықты маңызға ие?

– Иә, әскери қызметтің негізгі тіні де сол әлеуметтік қорғау. Мемлекет Отанына қызмет атқарып жүрген азаматтарын тылдық қамтамасыз етуі керек. Бұл да бір жағынан жауынгерлік қызметпен, екінші жағынан патриоттық тәрбиемен ұласып жатыр. Дұрыс жабдықтар болмаса, жауынгерлік даярлықтың да дөңгелегі өрге шықпайды. Барылығы бір-бірімен тығыз байланысты. Бірінсіз бірін елестету мүмкін емес. Барлығын жинастырғанда ғана толыққанды әскери қызмет пайда болады. Мемлекет әскери қызметшінің қызметі мен демалысын сауатты, сәтті ұйымдастырғаны жөн. Біздің әскери салада барлығы тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметкердің, оның ішінде әскери қызметшінің материалдық жағдайын қамтамасыз ету алдыңғы қатарда тұруы да - олардың мойнындағы жауапкершіліктің екі есе екенін түсіну. Себебі адамның табиғаты сол, ол отбасының жағдайын, материалдық қамына көңілі көншімей, жүрегі тыныш болмаса, Отанға қалай қызмет етеді? Сондықтан Отан алдындағы қызметті абыроймен, адал атқару үшін де әскерилердің жағдайы жақсы болғаны абзал. 

–Биыл 6655 әскери бөлімі ақтөбелік жедел құрамаға айналды. Осыған байланысты әскери бөлімнің көлемі де, міндеті де өзгерді. Тылдық қамтамасыз ету мәселелері де ұлғайған шығар? Осы мәселе төңірегінде айтып берсеңіз. 

– Иә, дұрыс айтасыз. Әскери бөлімнен құрама болып қайта құрағаннан кейін, барлық тараптан міндеттер ұлғайды. Оның ішінде әскери-жауынгерлік әрекет, жауынгерлік дайындық және тылдық қамтамасыз ету міндеттері көбейді. Ең алдымен жергілікті атқарушы билік органдарына айтқымыз келеді. Ақтөбе облыстық әкімдігінің қолдауымен әскери бөлім аумағында үлкен құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлі күнге дейін әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысы жалғасып жатыр. Оған жарты миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Есеп бойынша аталған 1 қарашада құрылыс тапсырылуы қажет. Сонымен қатар, мәдени клуб орталығы ғимаратының құрлысына қаражат бөлінді. Болашақта да осындай жобалар өз жалғасын табады. Қолданысқа енетін ғимараттарды құрал-жабдық, жиһаздармен жабдықтау секілді жұмыстарды ұйымдастырамыз.

– Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр? Себебі баспана мәселесі қазір әр қазақты алаңдатады...

– Бүгінде әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі-ең өзекті мәселенің бірі. Жаңа заңға сәйкес тұрғын үймен қамтылмаған әскери қызметшілерге ай сайын арнайы шоттарына тұрғынүй төлемдері төленіп жатыр. 561 әскери қызметші тұрғынүй төлемдерін алып жатыр, отбасыға шаққанда 1803 адамға қаражат бөлінеді. Ай сайын 58 миллионнан астам ақша төлемге кетеді. Биыл әскери бөлім бойынша тұрғын үйлерге қатысты кредиторлық қарыздар жоқ. Мұның өзі мемлекет және әскери бөлім басшылығы тарапынан өз міндеттерін мінсіз атқарып жатқанын білдіреді. Тұрғын үй төлемдері арқылы ипотекалық пәтерге қол жеткізгендер де баршылық. Адам тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, қызметін де еш уайымдамай орындайтыны сөзсіз. Бұдан бөлек, Ақтөбе әкімдігінің қолдауымен 7 қызметтік пәтер, 3 жатақхана бөлінді. Онда әскери қызметшілеріміз тұрып жатыр. Осылайша, өзекті болып табылатын тұрғынүй мәселесін шешудеміз. 

– Өзіңізге белгілі, қылышын сүйретіп қыс мезігілі де келе жатыр. Енді бір ай айналасында қытымыр аяз да келеді. Құраманың қысқа дайындығы қай деңгейде?

– Қысқа дайындық мәселесі де күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі. Сондықтан, біз оған алдын ала дайындықтар жүргіземіз. Комуналдық-тұрғын үй қорының қысқа дайындық мақсатында биыл жылыту кезеңі аяқталғанда инжинерлік желілерді, ғимараттарды қарау, комиссиялық зерттеулер жүргізілді. Жылыту кезеңіне дайындалу үшін келісімшарт негізіндегі және мерзімді әскери қызметшілер арасынан әскери қызметшілер таңдалды. Олардан лайықты емтихандар қабылданды. Жауапты тұлғалар тағайындалды. Шаруашылық жұмыстарды орындауға байланысты қауіпсіздік шараларын білуге дәрістер қабылданды. Шаруашылық жұмыстарды жүргізуге, комуналдық-тұрғын үй қорының қысқа дайындығы туралы аарнайы бұйрық жарияланды. Ғимараттың сыртын металасайдингпен толықтырылды. Бұл ғимараттағы жылуды сақтауға өз пайдасын тигізеді. Ұзындығы 20 метрді құрайтын 380 КВт жер асты тоқ сымы ауыстырылды. Сондай-ақ, төбедегі 380 КВт кабелі ауысты. Штабтың жертөлесінің жылыту жүйесі ауыстырылды. Терезелер нығайтылып, қысқа дейін жылытылды. Осындай көптеген жұмыстар жүргізілді. Бір сөзбен құрама қысқа дайын. 

Тыл жұмысы күнделікті күш-жігерді талап етеді. Тыл жұмысы – жасалса байқалмайды, жасалмайтын болса бірден көзге түсетін қызмет түрі. Ең негізгі тыл – әскердің күретамыры іспетті әскерді қуаттап тұрады. Тыл – әскердің тірегі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы