Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Полицияны жолдарды қабылдау комиссиясына қайтаруы мүмкін

15 Қыркүйек 2025, 17:33
439
Бөлісу:
 Үкімет
Фото: Үкімет

2016 жылы полиция қызметкерлері жұмыс және мемлекеттік комиссиялар құрамынан шығарылғаннан бері жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларында олқылықтар орын ала бастаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха Үкімет отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, 2016 жылдан бастап полиция қызметкерлері жұмысшы және мемлекеттік комиссиялар құрамынан шығарылғаннан кейін жол қозғалысын ұйымдастыру ісінде олқылықтар жиі байқала бастады.

Соның салдарынан көлік кептелістері көбейіп, жол-көлік оқиғаларының саны артып отыр. Бұған қоса, тұрғын үй кешендері мен сауда-ойын-сауық орталықтарын салу кезінде жеткілікті көлемде автотұрақ қарастырылмайды. Біз полицияны жолдарды қабылдау жөніндегі комиссия құрамына қайта енгізуді ұсынамыз. Қазір құрылысшылар біздің болмайтынымызды біліп, жобаны арзандату мақсатында қауіпсіздік талаптарын жиі елемей жатады, - деді ол Үкімет басшысына қарата.

Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бүгінде нысандарды қабылдауды тапсырыс беруші, мердігер және авторлық пен техникалық қадағалау өкілдері жүзеге асыратынын атап өтті. Ол алдағы уақытта Құрылыс кодексіне мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және төтенше жағдайлар органдарының қатысуы туралы норма енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Қарап шығыңыздар, мүмкін полицияны да қосқан дұрыс шығар. Әйтпесе талаптарды елемей кетеді, - деп тапсырма берді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Өзгелердің жаңалығы