Алматыда тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында жаппай төбелес болды. Куәгерлердің айтуынша, тәртіп сақшылары барлық қатысушыларды ұстаған жоқ, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Желіде Алатау ауданындағы “Каспий” тұрғын үй кешенінің ауласында болған жаппай төбелестің видеосы тарады. Ақпаратқа сәйкес, бір топ адам қатты шулап, жергілікті тұрғындардың ескертуінен кейін бірнеше адамды соққыға жыққан.
Куәгерлердің айтуынша, бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалмаған, себебі ұсталғандардың кейбірі келген полицейлерді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараевтың атымен қорқытқан. Ал кейбіреулері ұсталғанымен, кейін босатылған, – делінген жазбада.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл факті бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы “Бұзақылық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
Оқиғаға қатысы бар алты адам анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктілерді қылмыстық жауапқа тарту үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді полицияда.
Алматы полициясы азаматтарды агрессивті мінез-құлықтан аулақ болуға, дауларды заңды жолмен шешуге және тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзбауға шақырды.