Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде Нұрсұлтан есімді 19 қызметкер жұмыс істеп жүр. Олардың барлығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дүниеке келген.
23 жастағы полиция сержанты Нұрсұлтан Қанғожин СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасында қызмет етеді.
Нұрсұлтан бала кезінде қандай мамандық иесі болатынын нақты білмегенімен, есейе келе марқұм әкесінің жолын қуды. Әкесі Серік Қабидоллаұлы Петропавл қалалық ІІБ Бірінші полиция бөлімінде кезекші болып қызмет атқарған. Нұрсұлтанның отбасы Елбасын ерекше құрметтейді. Әжесі немересі Елбасы сынды азамат болсын деген тілекпен оның есімін "Нұрсұлтан" деп қойды. Сол жылдары дүние есігін ашқан көптеген сәбилерге Қазақстан президентінің есімі қойылғанын статистикалық мәліметтер де көрсетеді.
Нұрсұлтанның атасы жазушы Мүтәләп Қанғожин Нұрсұлтан Назарбаевтың қолын алып, кітабын сыйға тартқан. Ақсақал немересіне үнемі "Елбасы сияқты адал, дана, мейірімді бол" деп ақыл айтып отыратын көрінеді.
Ақсақалдың өсиеті жас полицей үшін өмірлік ұстанымға айналды. Басыма бұлт үйірілген кезде жақындарым есіме түседі, – дейді ол.
Марқұм әкем, әлі күнге дейін жанынан жырын тастамайтын атам, 1942 жылы Тверь облысындағы қан майданда із-түссіз жоғалған арғы атам жаныма демеу болады. Менің отбасым жылда 9 мамыр күні арғы атам қатардағы Қалдыбек Мұқашевтің суретін алып, Мәңгілік полкпен бірге жүріп өтеді. Отанға адал қызмет етіп, ел қамын ойлаған Нұрсұлтан Назарбаев біз үшін үлгі тұтарлық тұлға, - дейді ол.
СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов Нұрсұлтанның бойындағы кәсіби біліктілігін ерекше атап өтті.
Нұрсұлтан Қанғожин Көші-қон қызметі орталығына жүгінген азаматтарға қызмет көрсетеді. Ол кез-келген адаммен тіл табысып, проблеманың мән-жайын анықтай алады және көші-қон заңнамасының көмегімен мәселені жылдам, әрі сапалы шешеді, - дейді полиция подполковнигі.
Полиция сержанты Нұрсұлтан Қанғожиннен басқа облыстың ішкі істер органдары қатарында Елбасымен аттас 18 маман қызмет етеді. Қойылған есімнің жүгі оларды заңға және халыққа адал қызмет етуге міндеттейді.