Ақмола облысында патрульдік полицейлер трассада болуы ықтимал қайғылы оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Ахметовтың айтуынша, екі шағын автобуста жазғы лагерден қайтқан 22 бала болған. Олар 23 мамыр күні түстен кейін Бурабай ауданынан шыққан. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін колоннаны облыстық батальонның 4 взводының қызметкерлері Бүркіт Алшынбаев пен Рыспек Қабдрашев еріп жүрді.
Түнгі сағат 02:15 шамасында Екатеринбург-Астана автожолымен, Жақсы ауданының аумағында жүріп келе жатқан патрульдік экипаж қарсы жолақ бойымен қозғалған ауыр жүк тасуға арналған көлікті байқады. Полицейлер жүргізушіге фаралар мен арнайы құрылғы арқылы сигнал берді, бірақ жүк көлігі қозғалысын жалғастырды. Кейінірек белгілі болғандай, көлік құралы бұзылып, жүргізуші көлікті басқара алмаған. Артында балалардың келе жатқанын түсінген патрульдік экипаж өз өмірлерін қиюға дайын болған.
Бақытымызға орай, соңғы сәтте ауыр жүк көлігінің жүргізушісі басқаруды бақылауға алып, бір жаққа бұрыла алды, алайда соқтығысуды болдырмау мүмкін болмады: жүк көлігінің тіркемесі патрульдік көлікке механикалық зақым келтірді, - дейді полицейлер.
Бүркіт Алшынбаевтың айтуынша, жол бойында белгіленген қашықтықты сақтаған шағын автобустардың жүргізушілері де кәсіпқойлық танытып, апатты жағдайды көріп, тиісті шараларды қабылдап, біртіндеп жол жиегіне шығып кетті. Полицейлердің өздері дұрыс шешім қабылдау үшін 1-2 секунд ғана болды дейді.
Соққыны өзімізге қабылдауға дайын болдық, – деді Бүркіт Алшынбаев.
Белгілі болғандай, төтенше жағдай жасағаны үшін жүк көлігінің жүргізушісі жауапқа тартылды.