Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Полиция бөліміндегі қыздың өліміне қатысты жаңа ақпарат айтылды

Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
VIDEO
Фото: BAQ.KZ - архив

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қарағанды қаласындағы полиция пунктінен мәйіті табылған 23 жастағы қыздың өліміне қатысты қозғалған резонансты қылмыстық іс туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға 2025 жылғы 30 қыркүйекте болған. Аға учаскелік инспектор полиция тірек пунктіндегі бөлмелердің бірінде диван үстінде жалаңаш күйде жатқан қыздың мәйітін тапқан. Ал көршілес бөлмеден полиция майоры ес-түссіз күйде анықталған.

Санжар Әділовтің айтуынша, бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ кешенді сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижелері жақын арада белгілі болады, содан кейін қосымша ақпарат беріледі, – деді министрдің орынбасары Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар ол полиция қызметкеріне қатысты қабылданған кадрлық шешімдер туралы да мәлімдеді.

Полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізілді. Ол учаскелік инспектор қызметінен босатылып, ішкі істер органдарынан шығарылды, – деп атап өтті Санжар Әділов.

Ішкі істер министрлігінде бұл істің тергелу барысы бақылауда екенін және оқиғаның барлық мән-жайы тергеу шеңберінде анықталатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда полиция бекетінде әйелдің мәйіті мен ес-түссіз полицей табылғанын хабарладық.

Қарағандыдағы аталған резонансты іс, яғни қыздың мәйітімен бірге табылған полицей комадан шыққаны жайлы да жаздық.

Өзгелердің жаңалығы