Осыған дейін Атырау облысында оқушы мектепке балта алып келіп, екі сыныптасын жаралаған оқиға болған еді. «Осындай қару-жарақтың білім беру ұйымдарына кіргізілуінің алдын алу үшін қандай нақты шаралар қабылданбақ?» деген сауалға ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрлік тарапынан білім беру ұйымдарында қару мен басқа да қауіпті заттарды кіргізбеу үшін қажетті жағдайларды жасау жөнінде тиісті ұсынымдар берілгенін айтты.
Өз тарапымыздан бұл жұмыстың қалай ұйымдастырылуы керектігі, күзет ұйымдарымен қалай жұмыс істеу қажеттігі туралы нақты түсіндірулер жасадық. Бірнеше рет жиналыстар өткізіліп, нұсқаулықтар берілді. Алайда бұл жерде негізгі жауапкершілік мектеп директорларына жүктеледі. Қандай күзет ұйымын таңдайтыны, келісімшартты қалай жасайтыны, келісімде қандай талаптар мен нормалар көрсетілетіні, қауіпсіздік шаралары қалай жүзеге асырылатыны – мұның барлығы білім беру ұйымы басшыларының құзыретінде. Ең алдымен олардың жауапкершілігі қаралады,-деді спикер.
Сондай-ақ, мектептегі қылмыс 2021 жылмен салыстырғанда төмендегенін айтты.
2021 жылы кәмелетке толмағандардың қатысуымен 8 мыңнан астам қылмыс тіркелген болса, өткен жылы жалпы тіркелген қылмыстар саны 240 мыңнан асты. Оның ішінде небәрі 34 қылмыс мектеп қабырғасында жасалған,- деді маман.
Сондай-ақ, мектептердің жүз пайызында бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орнатылғанын айтты. Бұл жүйелердің жұмыс істеуі тұрақты түрде тексеріліп отырады.
Білім беру ұйымдарымен бірлесіп арнайы жұмыс топтарын құрады. Олар техникалық құралдардың жағдайын, камералардың сапасын, қамту аймағын, «соқыр аймақтардың» бар-жоғын тексереді. Сонымен қатар дабыл түймелерінің қолжетімді жерде орналасуы және дұрыс жұмыс істеуі қадағаланады,-деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін білім басқармасы қызметтік тексеріс нәтижесінде директорға қатаң сөгіс жарияланғанын, содан кейін оның өз еркімен жұмыстан кеткенін хабарлаған еді.
Қазіргі таңда сотта бір отырыс өтіп, жасөспірімге қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілді. Ол үйқамаққа алынып, мектепке барып сабаққа қатысуға рұқсат берілді.
Жақын күндері Құлсарыға Оқу-ағарту министрлігінің арнайы комиссиясы келуі күтілуде. Комиссия тек осы мектепті ғана емес, өңірдегі басқа да білім беру ұйымдарын оқушыларды буллингтен қорғау мәселесі бойынша тексермек.