Жамбыл облысының полицейлері ауласында 2 тоннаға жуық есірткі өсірген азаматты анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жамбыл облысы полиция қызметкерлері пилотсыз ұшатын аппараттарын пайдалана отырып, "Қарасора – 2023″ жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Оның барысында Жамбыл ауданы Бесжылдық ауылының 39 жастағы тұрғынының тұрғылықты жері бойынша тінту жұмыстарын жүргізді.
Аумақты және қосалқы шаруашылық құрылыстарын тексеру барысында каннабис өсімдіктері табылып, тәркіленді. Күдікті осындай 1396 бұта егіп, өсірген. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар жалпы салмағы 1 тонна 718 келі 980 грамм кептірілмеген марихуана. Ұсталған азамат кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР КҚ-нің 300-бабы 2-бөлігі (Егу немесе өсіру тыйым салынған өсімдіктерді немесе құрамында есірткі заттары бар қарасора, көкнәр немесе басқа да сорттағы өсімдіктерді өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Осы баптың санкциясы үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді, – деп хабарлады Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.