Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері жұмысқа тұрғызамын деп бірнеше тұрғынды алдаған күдіктіні ұстады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кентау ҚПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, танысы Ресей Федерациясы Омбы қаласына «электромонтаж» лауазымына жұмысқа кіргізіп беремін деп алдағанын жеткізген. Содан күдікті жәбірленушіден жеке куәлігінің суретін сұраған. Сондай-ақ сеніміне кіріп, банк қызметі арқылы 56800 теңге ақша салып жіберуін айтқан. Арада бірнеше күн өткен соң досының алдап жүргенін білген. Жәбірленуші уақыт өткізбей полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Тәртіп сақшылары іздестіру шаралары барысында күдіктінің бұдан бөлек 3 тұрғынды алдағаны, олардың әрқайсысынан 56 800 теңгеден алғанын анықтады. Күдікті Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жәбірленушілердің бірі Кентау қаласының тұрғыны, бірі Түркістан қаласының, қалған 2 азамат Шиелі қаласының тұрғындары болып шықты, - делінген хабарламада.
Полицейлер жауап алу барысында жәбірленушілер күдіктінің әлеуметтік желі арқылы ортақ чат ашып, ондағы азаматтардың барлығына «Ресей Федерациясы Омбы қаласына жұмысқа орналастырып беремін» деп жұмыссыз отырған тұрғындарға үміт бергенін айтқан. Алайда, 4 азаматтан жалпы 250 мыңдай ақша алып, із-түзсіз жоғалып кеткен.
Қазіргі уақытта алаяқтық жайттары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да алаяқтыққа қатысы бар-жоғын анықтауда.