Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Полицейді көлігінің капотында сүйреген жүргізуші сотталады

Әсел ӘБІЛБЕК
9 Сәуір 2025, 11:53
540
Бөлісу:

Шымкентте полиция қызметкерін көлік капотында сүйреп кеткен тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды деп, хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы жылдың 2 қаңтарында жол полициясының инспекторы Шымкент тұрғынын Әйтеке би көшесінде көлік басқарып келе жатқан жерінен тоқтатады. Жүргізушіге тыйым салынған жарыққа өтіп кеткені үшін хаттама толтыра бастайды. Алайда, ер адам талапқа бағынбай, көлігіне отырып, қашуға тырысқан. Полиция қызметкері оның жолын бөгемек болғанымен, жүргізуші қозғалысты жалғастырады. Осылайша, құқық қорғаушы адам көліктің капотында қалып, біраз уақыт бойы көлікпен бірге жүріп кетуге мәжбүр болды. Ереже бұзған жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы, 5-бөлігі бойынша — «Билік өкіліне қызметтік міндетін атқару барысында денсаулығына қауіпті күш қолдану» бабы бойынша айып тағылды.

Сотталушының кінәсі тергеу материалдары арқылы толық дәлелденді. Прокурор оған бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жәбірленуші де заңға сай жаза тағайындауды талап етті.

Ал сотталушы өз әрекетіне өкініп, жеңіл жаза сұрады. Сот жазаны анықтау барысында айыпталушының екі жасөспірім баласы барын және жасаған ісіне шын өкінетінін жеңілдететін жағдай ретінде қарастырды. Алайда есірткілік мас күйде қылмыс жасағаны ауырлататын мән-жай деп танылды. Нәтижесінде, сот У.-ды ҚК-нің 380-бабы 5-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы