Павлодар облысында учаскелік полицей өрт шыққан үйден жасөспірімді аман алып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысы Тереңкөл ауданы учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Жаябаев 10 мамыр күні ауылды патрульдеу кезінде үйлердің арасынан түтін шығып жатқанын байқап, оқиға орнына бірден жеткен.
Учаскелік полиция қызметкерінің күдігі расталды, тұрғын үй өртеніп жатыр екен. Көршісінің айтуынша, үйде бала қалып қойғанын білді.
Полиция қызметкері уақыт жоғалтпай, бірден отқа оранған үйге жүгіріп кіріп, бөлмелерді аралай бастады, қалың түтіннің салдарынан ол жерде кім бар, кім жоқ көру қиынға соққан. Үйде біреу болса дауысқа назар аудару үшін учаскелік полицей бар дауысымен айқайлады. Полиция қызметкері бір бөлмеден 14 жастағы баланы тауып алды. Үйдің қосымша құрылыстары да жанып жатты, дәліз, шатырды жалын басып, түтін көзді ашытып, дем алу қиындады, полицей жасөспірімді көтеріп алып, оны үйден алып шықты. Жасөспірімді көршілерінің қолына бергеннен кейін, ол жанып жатқан үйге қайта оралды, - делінген ақпаратта.
Басқа біреудің үйде қалып қоймағанын және ас үйде газ баллоны бар-жоғын тексерді, содан кейін ғана нөлдік көріну жағдайында тәртіп сақшысы түтін мен отқа оранған үйден далаға шықты. Өрт сөндірушілер келгенге дейін учаскелік полицей балаларды үйден алыстатып, басқалармен бірге көрші үйлерге су құюға көмектесті, сондықтан өрт оларға таралмады.
Оның сауатты және шешуші әрекеттерінің арқасында баланың өмірі сақталды, құтқарылған баланың отбасы ризашылығын білдіріп, полицейге шын жүректен алғыс айтты.
Айта кетейік, Қуаныш Жаябаев кез келген осындай жағдайда адамдарға көмек көрсетуді өзінің міндеті деп санайды. Учаскелік полицей ІІО-дағы қызметін 2015 жылдан бастаған.