Полигон туралы фильм алғаш рет Пусан кинофестивалінде көрсетілмек

8 Қыркүйек 2023, 03:25
1066
Бөлісу:
Полигон туралы фильм алғаш рет Пусан кинофестивалінде көрсетілмек
Фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

«Айқай» фильмі Оңтүстік Кореяда 4-13 қазан аралығында өтетін әйгілі Пусан кинофестивалінің А Window on Asian Cinema («Азия киносына терезе») бағдарламасында көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Айқай» фильмі көрерменге екі аяқсыз туған бас кейіпкердің өмірі арқылы ядролық жарылыстан зардап шеккен Семей полигоны құрбандарының тағдырын және анасынан айырылған баланың әкесіне жанашырлығын, қамқорлық жасауға деген талпынысын баяндайды.

Фильмнің режиссері – Кенжебек Шайқақов. «Айқай» – режиссердің екінші толықметражды жұмысы. Көркем фильмнің түсірілімі Абай облысы Аягөз ауданы Шыңғожа ауылында өтті. Басты рөлдердерде Орынбек Шаймағанбетов, Арнұр Акрам, Ерболат Әлқожа, Бейнұр Баймұхамбетов, Ерлан Малаев, Айбек Иманқұлов және Айғаным Нұрсұлтан ойнайды.

Айта кетейік, Busan International Film Festival - 1996 жылдан бастап жыл сайын Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтетін Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірі.

Халықаралық кинофестивальдерде біздің фильмдерімізге деген сұраныс жоғары екенін көріп отырмыз. Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірінде көрсетілетін «Айқай» кинокартинасы – осының дәлелі. Жалпы киноиндустрия өкілдері және біздің орталық жұмысты бір жүйеге қойып, әр фильм өз мақсатын айқындауға тиіс. Бізге нақты нәтиже керек. Бізге фильмдеріміздің сөрелерде шаң басып жатқаны емес, олардың прокатқа шығуы, фестивальдерге қатысып, жетістіктерге жетуі маңызды, – деді ҰКҚМО басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Өзгелердің жаңалығы