Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесі – маңызды әлеуметтік-экономикалық және демографиялық міндеттердің бірі. Ақтөбе облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдос Құлжанов жол-көлік оқиғаларының негізгі себептеріне тоқталып, оны болдырмау үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайында сөз қозғады.
- Айдос Ерболатұлы, әңгімемізді болып жатқан жол-көлік оқиғасы туралы мәліметтерден бастасақ, Ақтөбе облысында биыл жол апатынан қанша адам зардап шекті, қанша адам жауапқа тартылды?
- Жол қозғалысы қауіпсіздігі – маңызды әлеуметтік-экономикалық және демографиялық міндеттердің бірі.
Жол-көлік оқиғасының негізгі себептері - жүргізушілердің жол ережесін бұзуы, оның ішінде жол қозғалысына қатысушылардың жаяу жүргіншілер өткелінен өту талаптарын сақтамауы, жылдамдық ережесі мен басып озу тәртібін сақтамауы және қарама-қарсы бағытқа шығып кетуі салдары.
Биылдың 3 айында облыс аумағында жол-көлік оқиғалар саны - 16,5% (139-дан 116-ға), жарақат алғандар - 6% (183-тен 172-ге), қаза болғандар саны -13,1%-ға төмендеді.
Жыл басынан бастап патрульдік полиция жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 35 172-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті, оның ішінде жылдамдық ережесін бұзғаны үшін 2 437, қарама-қарсы бағытқа шыққаны үшін 314 және жаяу жүргіншілер өткелінен тыс жерден өткені үшін 2 277 азмат, мас күйінде көлік жүргізгені үшін 335 және жаяу жүргіншілерге қозғалыс кезінде артықшылық бермегені үшін 924 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасының саны және олардың алдын алу шаралары қалай жүргізіліп жатыр? Оқу орындарымен бірлесіп атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
- Балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларына қатысты айтсақ, осы жылдың 3 айында жол-көлік оқиғалардың саны - 10%-ға азайды, жарақаттанғандар мен қаза болғандар саны өзгеріссіз (1-ден 1-ге дейін), дене жарақатын алғандар саны да сол деңгейде (27-ден 27-ге дейін).
Балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасын алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Балалардың қатысуымен ЖКО көбіне аулаларда, бала ойнайтын жерлерде орын алып отыр.
Балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін полиция қызметкерлері автопарктердің басшыларымен және жүргізушілерімен, сондай-ақ мектеп, жоғары оқу орны және колледж студенттерімен «ZООM» платформасы арқылы онлайн режимде 200-ден астам кездесу ұйымдастырды.
Сондай-ақ облыс әкімдігінің Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында балалар мен еріктілердің қатысуымен флешмоб ұйымдастырылды.
Одан бөлек, «Бала жарақаты» туралы бейнероликтер көрсетіліп, әлеуметтік желілер арқылы (Facebook, Instagram, Zello-Ақтөбе және т.б.) халыққа таратылды.
- Айдос Ерболатұлы, қазіргі таңда Ақтөбе облысында жол апатының алдын алу бойынша қандай шаралар қабылданып келеді?
- Жол көлік оқиғалары азайту мақсатында ПД қызметкерлерімен жыл басынан бері «Абайлаңыз, балалар!» «Жаяу жүргінші», «Автобус», «Қауіпсіз жол» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Іс-шаралар барысында Патрульдік полиция жасақтары «қарбалас сағаттарда» мектептерге жақын орналасқан жол бөліктеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңына қойылды.
Сонымен қатар мектептер аумақтарындағы жолдар толық зерттеліп, тексеру жүргізіліп, барлық жерлерге жол таңбалары, жол белгілері және жасанды жол кедергілері орнатылды. Барлық мектепте ЖКО профилактикасы тақырыбында 100-ден астам дәріс өткізілді.
Сонымен бірге жол қозғалысының қауіпсіздігін қадағалау мақсатында қала орталығында 157 (Мираж, Интегра, Рубеж) бейнебақылау камерасы орналасқан.
Бұл бейнекамералардың арқасында осы жылдың басынан бастап 20 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етті.
- Қазақстан Республикасында жол ережесіне енгізілген өзгерістермен қалай жұмыс істеп жатсыздар, айыппұлды өтеу мәселесі қалай жүзеге асырылады?
- Осы жылдың 3 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы ПД қызметкерлерімен 560 млн 903 мың теңгеге айыппұл салынып, оның 374 млн 822 мың теңгесі өндірілді, өндіру пайызы 66,8%-ды құрады, алайда 186 миллион теңгеден астамы өндірілмеді. Айыппұлды өндіру мақсатында, Ақтөбе облысы ПД бойынша патрульдік полиция инспекторлары, Учаскелік полиция инспекторы, Кәмелет жасқа толмағандар жөнінде учаскелік полиция инспекторларымен және жеке сот орындаушыларынан біріккен түрде мобильдік топтар құрылып, айыппұлдарды төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды тұрғылықты жерлері бойынша аралап, оларға айыппұл төлеу жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жүргізді. ҚР ӘҚБтК-нің 797-бабының талаптарына сәйкес, айыппұлдарды қасақана төлемей жүрген көлік құралдарының иелері жол қауіпсізідігін қамтамасыз ету кезінде «Автоураган» АБК арқылы анықталып, көліктері айыппұл тұрақтарына қойылып жатыр.
Сонымен қатар 2021 жылғы 1 ақпанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңға қол қойды, ол көлік құралдары жүргізушілерінің Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін (жеке басын куәландыратын құжаттары болған кезде) өзімен бірге алып жүру және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсету міндетін жоққа шығарады.
Сондай-ақ Заңмен Қазақстанда берілген, өзімен бірге көрсетілген құжаттары жоқ жүргізушілердің көлік құралдарын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталады.
- Азаматтардың өз айыппұлдарын қалай тез әрі жылдам тексеруіне болады?
- Айыппұлды тез және онай тексерудің бірнеше жолы бар. Интернет жүйелерінде Egov.kz, Qamqor.kz, Kolesa.kz қосымшалары арқылы, екінші дәрежелі банктердің жүйелері арқылы және 87132 55-93-86, 87132 55-93-82 телефоны арқылы тексеруге болады. Сондай-ақ осы жүйелер арқылы айыппұлдарды сол мезетте төлеуге болады.
- Әңгімеміздің соңында азаматтарға ЖКО болдырмау бойынша қандай кеңес бересіз?
- Жол-көлік оқиғасын болдырмау тек қана полицияның емес, жалпы қоғамның мәселесі. Сол себепті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысуға, жаяу жүргіншілерді жолдан өту ережесін бұзбауға шақырамыз.
- Айдос Ерболатұлы, уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге алғыс білдіремін!