Алматы, BAQ.KZ. Қалада карантин жарияланған күннен бастап дезинфекциялау жұмыстары, заңдылықтарға сәйкес, ПИК (КСК) және басқарушы компаниялар тарапынан жасалған болатын. Қалада коронавирус инфекциясының кеңінен таралып келе жатқандығын ескеріп, сондай-ақ тұрғындардың өтінішіне орай, 25 наурыздан бастап бұл жұмыстарды қалалық әкімдік атқаратын болды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, мұндай шешімді төтенше жағдай бойынша құрылған жедел штаб қабылдады. Енді қаладағы 4 мыңнан астам аула мен 24 мың подъезге санитариялық тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Дезинфекциялау жұмыстарын арнайы компания аптасына екі рет бекітілген кестеге сәйкес жүргізіп отырады. Осы орайда айта кету керек, бір күн ішінде қаланы түгел қамту мүмкін болмайтындықтан, қала аумағы үш бөлікке бөлінген.
Подъездердегі тұтқаларды, кіреберістерді жуып тазалау ПИК тарапынан жасалады.
Кез келген сұрақ бойынша Open Almaty 1308 нөміріне хабарласуға болады. Барлық ресми ақпаратты Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтынан және әлеуметтік парақшасынан да оқи аласыз.
Қосымша ақпараттар Stopcov Almaty Telegram-каналына және Darmen қосымшасына жедел орналастырылып отырады.