Астанада апатты жағдайдағы «хрущевка» тұрғындарына үйдің сүрілуінен үміт күтпей, жөндеу жұмыстарын өз қаражаттарына жасауға кеңес берілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақбұғы көшесі, 1 мекенжайында орналасқан үш қабатты ғимарат дәл жолдың бойында тұр және көрші құрылыстардың арасында бірден көзге түседі.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар өз қаражаттарына бірнеше рет жөндеу жүргізген, бірақ елорданың қатал климаты бәрібір қасбетті (фасадты) баяу бұзып жатыр.
50 жылдан астам уақыт ішінде ғимарат әбден тозған. Сыртқы жағынан, шатырдың астынан плиталар арасындағы үлкен саңылаулар көрініп тұр.
Тұрғындар баспалдақ аралықтарын құлап кетпеу үшін қосымша темір элементтермен нығайтқан. Ал кіреберіс плиталарындағы тесіктерді линолеуммен жауып қоюға мәжбүр. Сол жерден кіреберіске кәріз жүйесінің иісі мен буы тарайды.
Бірінші кіреберісте тұратын Нина Бондарьдың айтуынша, бірде осындай шұңқырлардың біріне тіпті аяғы кіріп кеткен.
Бұл ғимарат тозығы жеткен үй ретінде сүрілуі керек. Төменде, жертөледе де мәселе көп, кәріз жүйесі үнемі бітеліп қалады. Бұрыш-бұрыштың бәрі жарылған. Шатырдан үнемі су ағады. Бұрын пәтеріміздің ішіне де су өтетін, бірақ жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Әзірге көмектесіп тұр. Басқа баспана сатып алуға қаражатымыз жоқ. Пәтерді шамамыз жеткен соң осы жерден алған едік, - дейді ол.
Тұрғындардың айтуынша, әкімдік үйді сүруге асығар емес. Құжат бойынша тозу пайызы жеткіліксіз көрінеді.
Соған қарамастан, көршілес тұрған екі қабатты үйлердің тұрғындары көшірілген.
Ақбұғы, 1 мекенжайындағы үйдің тұрғындарына да осындай тағдыр осыдан 10 жыл бұрын болжанған болатын.
Бірақ, үш кіреберістің бір-бірінен айырмашылығы жер мен көктей. Олардың бірінде тіпті гүл құмыралары қойылып, қабырғаларында суреттер ілінген.
Егер жағымсыз иіс болмағанда, жергілікті тұрғындарда ешқандай мәселе жоқ деп ойлауға болар еді.
Бүгінде тұрғындарға тағы бір жөндеу жұмыстарына ақша жинауға кеңес берілуде.
Бірақ үйдің мәселесін көзбен көргеннен кейін-ақ, бұл жерге кем дегенде ауқымды реконструкция (қайта құру) қажет екені байқалып тұр.