Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Питер Норвиг: ЖИ адамды алмастырмай, оған көмектесуі тиіс

2 Қазан 2025, 12:42
542
Бөлісу:

Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 форумында Google компаниясының зерттеу жөніндегі директоры Питер Норвиг сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол жасанды интеллектінің білім беру саласындағы рөліне тоқталып, технологияға шамадан тыс сенім арту қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті.

Норвигтің айтуынша, генеративті модельдер студенттер арасында бірнеше жылдан бері қолданылып келеді, бұл өз кезегінде оқу жүйесіне жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Біз студенттермен жеке-жеке жұмыс істеп келеміз, олар бірнеше жылдан бері генеративті технологияларды пайдаланады. Бұл оқу контентін жақсартуға әрі шағын мемлекеттердің де ірі елдермен бәсекеге түсуіне жол ашады, – деді ол.

Сонымен қатар сарапшы соңғы онжылдықтағы тәжірибені мысалға келтіріп, көптеген «сандық серпіліс» идеяларының ақталмағанын айтты.

Мен бұл салада 30 жыл еңбек етіп келемін. Осы уақыт ішінде көптеген уәделі бастамалардың сәтсіздікке ұшырағанын көрдім. Көбіне бұған технологияға тым үлкен үміт артқанымыз себеп болды. Ал шын мәнінде технология адамаралық қарым-қатынасты толықтыруы тиіс, бірақ ешқашан оның орнын баспауы керек, – деді Норвиг.

Маман қарапайым мысал да келтірді.

Егер сіз мейрамхана ашсаңыз, сізге докторлық атақ қажет емес – сізге тұтынушыға ұнайтын тағам әзірлейтін аспаз керек. Дәл сол сияқты жасанды интеллектімен де: біз нақты міндеттерді орындай алатын адамдар буынын тәрбиелеуіміз қажет, – деп түсіндірді сарапшы.

Сондай-ақ ол бұл салада мемлекеттердің де рөлі зор екенін атап өтті.

Үкімет Alem.AI сияқты инновациялық орталықтарды құрып, мыңдаған адамды оқытуға мүмкіндік бере алады. Бірақ реттеу шаралары ақпараттың қауіпсіздігі мен деректердің дұрыс айналымын қамтамасыз етуі тиіс, – деді Питер Норвиг.

Өзгелердің жаңалығы