Пилоттық жоба бойынша "баланың ақшасын" алуға 500-ден астам өтінім түскен

18 Қазан 2021, 21:19
2271
Бөлісу:
Пилоттық жоба бойынша "баланың ақшасын" алуға 500-ден астам өтінім түскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы «Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау» және «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау» мемлекеттік қызметтерді көрсету пилоттық жобасы бойынша қазақстандықтар 502 өтінім берді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған пилоттық жоба ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Әділет министрліктерінің бірлескен күшімен іске асырылды.

Бірлескен пилоттық жобаның мақсаты-түпкі тұтынушыға барынша қолайлы жағдай жасау. Бұл шара азаматтардың электрондық мемлекеттік қызметтерге деген сенімін арттырады деп үміттенеміз. Бұл жоба келесі тоғыз айда жүзеге асырылады. Оң динамика мен қажеттілікке орай, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің техникалық дайындығы жағдайында жоба пилоттық форматтан қолданыстағы форматқа көшіріледі деп жоспарлануда. Өз кезегінде, мемлекеттік қызметтер көрсету спектрін ұлғайту және сапасын арттыру мақсатында екінші деңгейдегі банктермен одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенімізді білдіреміз, – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы мемлекеттік қызметтерді алудың ыңғайлылығы – жеке бөлек ЭЦҚ-кілттерді пайдалану мен қосымша ақпаратты енгізу қажеттілігінің болмауы. 

Пилоттық жобаға Kaspi Bank және Қазақстан Халық банкі қатысуда. Жоғарыда көрсетілген жәрдемақылар мен төлемдерді Kaspi және Halyk Homebank мобильді қосымшалары арқылы тағайындауға өтініш беру үшін:

- мемлекеттік қызмет көрсету бөліміне кіру;

- дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімді растау;

- тиісті мемлекеттік қызметті таңдау;

- өтініш берілетін баланы таңдау;

- барлық деректерді тексеру және ЭЦҚ арқылы өтінішке қол қою.

Өтінімді жібергеннен және оны мемлекеттік орган тарапынан қарағаннан кейін көрсетілетін қызметті алушыға оны қарау нәтижесі және төлемдердің тағайындалған сомасы туралы PUSH-хабарлама және SMS жіберіледі. Қызметті бала туғаннан кейін 1 жыл ішінде кез келген уақытта ресімдеуге болады.

Сервис iOS және Android пайдаланушылары үшін Kaspi мобильді қосымшасында және Android пайдаланушылары үшін Halyk Homebank мобильді қосымшасында қолжетімді, ол iOS-та жақын арада пайда болады.

Азаматтардың кең ауқымына қолжетімді мемлекеттік органдардың деректер базасын және өзге де платформаларды интеграциялау бойынша осындай жобаларды іске асыру халықты электрондық мемлекеттік қызметтермен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді, олардың қолжетімділігін, ыңғайлылығын арттырады және оларды көрсету уақытын қысқартады.

Өзгелердің жаңалығы