ПІБ дәстүрлі спартакиадасы аясында алғаш рет қазақ күресінен жарыс өтті

26 Наурыз 2023, 09:05
1041
Бөлісу:
ПІБ дәстүрлі спартакиадасы аясында алғаш рет қазақ күресінен жарыс өтті
PHOTO
Фото: ПІБ баспасөз қызметі

Елордадағы Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ҚР Президентінің Іс Басқармасы мен бағынысты ұйымдары қызметкерлерінің арасында қазақ күресінен сайыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Жыл сайынғы дәстүрлі спартакиада аясында алғаш рет ұйымдастырылған турнирде 80 балуан бақ сынады.

Еліміздің туын биіктен желбіретін жүрген қазақ балуандары бүгінде әлемге әйгілі. Біздің ортамызда да Балуан шолақ пен Қажымұқан аталарымыз сияқты ерен күштің иелері болуы мүмкін. Қызметкерлеріміздің арасында жұмыстан бос уақытында күреспен шұғылданатындар аз емес. Сол себепті, балуан білекті жігіттерді анықтап, халқымыз үшін орны бөлек спорт түрін насихаттау үшін Іс Басқармасындағы дәстүрлі спартакиадаға қазақ күресін де қосу туралы шешім қабылдадық, – деді Жарыстың ашылу рәсімінде сөз алған ҚР ПІБ Ұйымдастыру-бақылау және кадрлық жұмыс бөлімінің басшысы Ербол Адаев.

ПІБ дәстүрлі спартакиадасы аясында алғаш рет қазақ күресінен жарыс өтті

Балуандар 82 килоға дейінгі және 82 килодан жоғары 2 салмақ дәрежесінде белдесті. Олар жарысқа бірнеше ай бойы дайындалып, бос кілемге шығуға бірнеше күн қалғанда арнайы кәсіби әзірліктен өткенін айта кетейік.

Сайыс басталмас бұрын бас төреші Дамир Бекбосынов қазақ күресінің ережесін қатысушылардың есіне кезекті мәрте салды: 5 минутқа созылатын белдесу кезінде балуан қарсыласын қандай да бір әдіспен жығуға тиіс. Тебуге, тістеуге немесе басқа да тыйым салынған тәсілді қолдануға тыйым салынғанын олар жақсы біледі.

ПІБ дәстүрлі спартакиадасы аясында алғаш рет қазақ күресінен жарыс өтті

Спорт сайысына халықаралық деңгейдегі білікті мамандардан жасақталған төрешілер бригадасы төрелік жасағанын ескерсек, әуесқойлар арасындағы сайыстың деңгейі өте жоғары болғанын аңғаруға болады.

Сонымен, балуандардың бос кілемдегі бәсекесі үш сағатқа созылды. 82 килоға дейінгі салмақта қола жүлдені – Аманғали Бодаухан (Мемлекеттік ғимараттар дирекциясы), екінші орынды – Райымбек Жұпмағамбетов (Мемлекеттік ғимараттар дирекциясы) иеленсе, бас жүлдегерге тиесілі алтын медальді (ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы) Дастан Елеухан жеңіп алды.

ПІБ дәстүрлі спартакиадасы аясында алғаш рет қазақ күресінен жарыс өтті

Салмағы  80 килодан асатын алыптардың арасында Бақтияр Серікбай (МТҚБ Әкімшілік ғимараттар дирекцциясы) бас жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орынды Нұрболат Құлманов (ҚР Президентінің Телерадиокешені), үшінші орынды Аман Түгелбай (ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы) жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок пен медаль және қаржылай сыйақы тапсырылды. Балуандарға деген көрермендердің қошеметі де ерекше болды. Турнирдің бас төрешісі Дамир Бекбосынов ҚР ПІБ Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы ұйымдастырған жарыс жоғары деңгейде өткеніне ерекше тоқталды. 

 

ПІБ дәстүрлі спартакиадасы аясында алғаш рет қазақ күресінен жарыс өтті

Спартакиада аясында қатысушылар қазақ күресінен бөлек, спорттың тағы 6 түрінен бақ сынайтынын айта кетейік. Дәстүрлі турнир жыл соңында мәреге жетуге тиіс.

Өзгелердің жаңалығы