Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтардың Pfizer компаниясының ақылы екпе алу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
Маңызды шешім қабылданды. Үкімет Pfizer-ді коммерциялық сегментке жіберуді қолдады. Қазір механизмі қаралып, орны анықталуда. Біз бұл вакцинаны еліміздің барлық аймақтарында коммерциялық сегментте қолдануға мүмкіндік береміз деп жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде тегін вакцинацияланған санаттарды қоспағанда, жасөспірімдер, жүкті әйелдер және бала емізетін әйелдерге қолжетімід. Екпені халықаралық сапармен байланыстыратындардың барлығының мұндай вакцинаны алуға мүмкіндігі болады, – деді Алексей Цой Үкімет отырысында журналистерге.
Министр азаматтар шамамен қашан ақылы екпе ала алады деген сұраққа жауап берді. Алексей Цойдың айтуынша, вакцинаның құны әлі белгісіз.
Бағасы алдағы уақытта белгілі болады. Айта кетейін, бұл – коммерциялық сегмент. Осы жылдың соңына дейін бұл вакцинаны айналымға енгізуді жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін нақтыланады, – деп түсіндірді министр.