Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Pfizer компаниясы коронавирус салдарын емдеуге арналған жаңа Paxlovid препаратының тиімділігін мәлімдеді. Препарат қауіп тобындағы адамдар арасында ауруханаға жату және өлім жағдайларын 90 пайызға азайтты.
Тестілеуге 2,2 мыңнан артық волонтер қатысқан. Алынған мәлімет қараша айында жарияланған нәтижені растап шығарды. Компания бірде-бір елде қолдануға рұқсат етілмеген Паксловид препараты зертханалық сынақта коронавирустың «омикрон» нұсқасына қарсы тиімділігін таныта алғанын мәлімдеді.
Паксловид екі препарат - жаңа тәжірибелік дәрі Нирматрелвир мен АИТВ-ға қарсы қолданылатын вирусқа қарсы Ритонавир препараттарының қосындысы. Бұл дәріні бес күн қабылдау қажет.
Тағы бір препарат, Merck компаниясы шығарған Молнулиравир Ұлыбританияда қолдануға рұқсат етілген.
Алайда зерттеу қорытындылары Молнулиравирдің ауруханаға жатқызу және өлім оқиғаларының санын небәрі 30 пайызға төмендеткенін көрсетті, оны қолдану қауіпсіздігіне де қатысты сұрақтар туындаған.