Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда ірі сауда орталығы өртенді, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Хабар 24.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 20.00 шамасында «101» пультіне Петропавлдағы Мұқанов көшесі, 53 мекенжайындағы «Семейный» гипермаркетінде өрт шыққандығы жөнінде хабарлама түскен.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл жетіп, бірден іске кірісті. Өрт «Семейный» гипермаркетіне жапсарлас салынған ыдыс-қораптар сақтайтын бір қабатты үй-жайдан шыққан. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 35 адам, 10 техника жұмылдырылды. Оқиға орнында бес өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істеді.
Құтқарушылар 200 адамды, соның ішінде сауда орталығының 50 қызметкерін және 150 келушіні эвакуациялады. Өрт сөндірушілер жалын негізгі ғимаратқа таралмауы үшін қолдан келгенше шара қолданды. Нәтижесінде өрт шамамен бір сағаттан кейін толық сөндірілді. Жалын 45 шаршы метр аумақты шарпыды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрттің шығу себебі мен келген шығын көлемін анықтау жұмыстары жүріп жатыр.