Петропавл полицейлері жыл басынан із-түзсіз жоғалған кәмелетке толмаған 83 баланы іздеп тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
1 қазанға қараған түні қала тұрғынынан 12 жастағы қызының жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсіп, облыстық ПД және Петропавл қаласы ПБ жеке құрамы іздестіру жұмысына тартылды. Қыз телефонын сөндіріп, қоңырауға жауап бермеген. Іздестіру келесі күннің түс кезіне дейін жалғасты. Із-түзсіз жоғалған қыз құрбысының үйінде қонып, таңертең кетіп қалғаны белгілі болды.
Нәтижесінде жедел уәкілдер оны бір досының үйінен тапты. Оның анасымен және қызбен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Жағдай қызметкерлердің бақылауында болды. Ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларының психологиялық жағдайына назар аударуға, өзара жайлы қарым-қатынас орнатуға шақырамыз. Тәуелкел тобындағы балаларды алдын ала анықтау үшін білім, психологиялық-педагогикалық қызметкерлерімен өзара іс-қимыл жасай отыра, осындай фактілердің алдын алуды күшейту жоспарланып отыр. 2022 жыл Қазақстанда Балалар жылы деп жарияланды – осы орайда еліміздің кішкентай тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғам болып күш біріктіру аса маңызды, – деді Петропавл қаласыны Полиция басқармасы ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ахмағамбетов.
Жыл басынан облыс орталығының тұрғындары полицияға із-түзсіз жоғалған балаларды іздестіру өтінішімен 83 рет жүгінген. Балалардың барлығы бір күннің ішінде табылды. Әрбір іздестіру жұмысына сыртқы қызметтер, ювеналдық және криминалдық полиция қызметкерлері тартылады.