Із-түссіз жоғалған ретінде тіркелген 75 жастағы зейнеткер Петропавлдағы аурухана ғимаратының маңынан табылды. Зейнеткер үсіп, гипотермиядан қайтыс болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
14 қаңтар кешкісін Петропавл қаласындағы 314-ші Стрелковая дивизия көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын 75 жастағы әйелдің жоғалғаны туралы құқық қорғау органдарына арыз түскен.
Белгілі болғандай, зейнеткер шамамен сағат 13:00-де өздігінен үйден ауруханаға бағыт алған, бірақ қайта оралмаған. Оның ұялы телефоны өшірілген. Денсаулығын ескере отырып, әйелдің адасуы мүмкін деп болжанған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Іздеу жұмыстарына 60-тан астам адам қатысып, ауа температурасының төмендігі іздеу жұмыстарын қиындатты. Жоғалған адамның із-түссіз кету мүмкіндігі қарастырылып, ықтимал орындар тексерілді. Көшедегі бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді. Алайда қараңғы уақытта оның орнын анықтау мүмкін болмады. 15 қаңтар таңертең әйел жергілікті полиция инспекторы тарапынан ауруханаға жақын, шаруашылық ғимаратының жанындағы сирек жүрілетін жерде қоршаудың қасынан табылды. Ол ауыр жағдайға түскен, қатты гипотермия салдарынан байланыса алмаған. Дереу жедел жәрдем бригадасына жеткізілгенімен, өкінішке қарай, зейнеткерді құтқару мүмкін болмады, - деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда -30 градус аязда оқушы су толы ашық құдыққа құлағанын хабарладық.