Петропавлдағы ойын-сауық орталығында ата-анасының қарауынсыз жүрген 8 жасар бала эскалатордан құлап кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 27 тамыз күні сауда-ойын-сауық орталығында болған. Бала ағасымен бірге екінші қабатта эскалатордың қасында ойнап жүрген. Бірақ, жандарында ата-анасы болмаған.
Видеода көрінгендей, баланың бірі қозғалып тұрған эскалатордың жылжымалы ұстағышына жабысып, кейіннен төменге құлап кеткен.
Алдын ала анықталғандай, бала ата-анасының қарауынсыз болған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы тексеріліп, ойын-сауық орталығы ғимаратындағы қауіпсіздік жағдайлары зерделенуде. Тексеру қорытындысы бойынша іс жүргізу шешімі қабылданып, қажетті алдын алу шаралары қабылданады, – делінген хабарламада.
Полиция департаментінде сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін ата-ананы жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатқаны айтылды.