Петропавлда оқушы мектепке пышақ пен балта алып кіріп, оқушыларды жаралады

13 Ақпан 2023, 11:15
1413
Бөлісу:
Петропавлда оқушы мектепке пышақ пен балта алып кіріп, оқушыларды жаралады
PHOTO
Фото: pkzsk.info

Петропавл қаласының №4 орта мектебінің оқушысы мектепке балта мен пышақ алып кіріп, үш оқушыны жаралады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Алдын ала белгілі болғандай, сағат 7.50-де 9-сынып оқушысы сөмкесіне салып, мектепке асхана балтасы мен пышақ алып келген.

  Ол 2-қабатқа көтеріліп, әжетханада киімін ауыстырып, маска киген.

Мектепте арнайы күзет болмаған.

СҚО Білім басқармасы басшысы Нәзір Жәшібеков осы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Бүгін таңертең сабақ басталғанға дейін осы мектептің 9-сынып оқушысы сөмкесіне салып, мектепке асхана пышағы мен балта алып кірген. Ол үш баланы жарақаттады. Оның екеуі қазір ауруханада, жағдайлары қалыпты. Мәлімет бойынша үшінші балаға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетілгендіктен ол ауруханаға жіберілген жоқ. Жарақаттары өміріне қауіпті болған жоқ, - деп айтты басқарма басшысы.

Сөзінше, қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған мәліметтер тергеу жұмыстары жүргізіліп біткеннен кейін белгілі болады.

Петропавлда оқушы мектепке пышақ пен балта алып кіріп, оқушыларды жаралады

Алдын ала ақпарат бойынша бала пышақ пен балтаны сөмкесіне салып кіргізген. Балалардың сөмкесі тексерілмейді. Балалардың сөмкесін ешкім тексере алмайтынын өздеріңіз де жақсы түсінесіздер. Жәбір көрген балалар 9-10-сыныптардың оқушылары. Оның екеуі ұл, біреуі қыз.

Петропавл қаласының мектебіндегі жағдайға қатысты СҚО ПД баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.

Петропавл қаласындағы №4 орта мектепте 9-сынып оқушысы 3 оқушысын жарақаттаған. Қазіргі уақытта зардап шеккеннің барлығы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, жағдайлары қалыпты. Полицейлер кәмелетке толмаған Д.-ны ұстады, бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі – 99-бабының 2-бөлігі, 1-тармағының 14-тармағы («кісі өлтіруге оқталу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - деп хабарлады ПД.

Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы мен Солтүстік Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметінің алдын ала мәліметтері бойынша, кәмелетке толмаған Д. психиатриялық бақылауда.

Кәмелетке толмаған бала мен мектеп әкімшілігінің әрекетіне сотқа дейінгі тергеу аясында құқықтық баға беріледі.

Қалған мән-жайлар анықталады.

Өзгелердің жаңалығы