Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жемқорлық - қоғам дерті. Бұл келеңсіздіктің алдын алуда мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер жұмыла әрекет етуі шарт. Петропавлда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті, этномәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен өткен «Жемқорлықты жаппай қабылдамау – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі» атты дөңгелек үстелде осы мәселеллер зерделенді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Ернар Баянғазин солтүстікқазақстандық азаматтық қоғамның белсенділігін жоғары атап өтіп, этнос өкілдерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту және парасаттылық идеясын ілгерілету бойынша әріптестікке шақырды.
Кездесу барысында елдің жемқорлыққа қарсы саясатына, оның ішінде әлеуметтік індетті жою мақсатында жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдірген түрлі ұлт өкілдері бірлескен жұмысқа қатысты өз көзқарастарымен де бөлісті.
«Дуслык» татар-башқұрт орталығы» қоғамдық бірлестігінің жастар қанаты атынан сөз алған Аделина Хисматуллина, орталықпен жемқорлықты болдырмау бойынша өскелең ұрпақ арасында жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. «Жемқорлық – ортақ проблема. Онымен күресте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет ету қажет». Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірі осы арнада түйісті.
«Облыс орталығы мен аудандардағы барлық этномәдени бірлестіктерді қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру шараларына белсенді атсалысуға шақырамын. Әр елдің озық және кері тәжірибесі бар. Бізге барлық саяси үрдістерді тежеуші фактор – жемқорлықты жоюдың дұрыс әдісін табу қажет. Осы орайда, бір амал ретінде өздеріңіз жетекшілік ететін бірлестіктердің жарғысына парасаттылық идеясы туралы қағиданы енгізуді ұсынамын» - деп, Ернар Баянғазин кездесуді түйіндеді.