Петропавл қаласында ТЖМ құтқарушылары лифтте тұрып қалған 7 адамға көмекке келіп, оларды босатты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Түнде Петропавл қаласының 112 кезекші қызметіне жас жігіттен қоңырау келіп түсті. Ол бір топ адаммен бірге Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің лифтінде тұрып қалғанын хабарлады.
Шақырту орнына келген кезде жедел-құтқару жасағының қызметкерлері лифтте 7 адам бар екенін анықтады. Оттегінің жетіспеушілігінен іште тұрған егде жастағы әйел кісі өзін нашар сезіне бастаған еді. Лифтті шұғыл түрде ашу туралы шешім қабылданды. Гидравликалық құралдың көмегімен құтқарушылар есіктерді ашып, адамдарды босатты, - делінген хабарламада.
ТЖМ қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында ешкім медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.