Петропавлда инженерлік жұмыстар кезінде қайғылы жағдай болды. 5 желтоқсан күні таңертең интернет кабелін тарту барысында екі маман биіктіктен құлап, ауыр зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылар тұрған көтергіш көтергіш платформа (люлька) жеті метр биіктікте істен шығып, бір сәтте үзіле құлаған. Оқиға салдарынан олардың бірі оқиға орнында қаза тапты.
Қаза болған ер адам 35 жаста екені белгілі. Ол жеке компанияда инженер болып істеген. Екінші жұмысшы – 31 жастағы «Қазақтелеком» қызметкері. Ол көптеген жарақат алып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресуде.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты өндірістегі жазатайым жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары оқиғаның нақты себебін анықтауда.