Петропавл қаласындағы Жамбыл көшесінде тұратын 1948 жылы туған әжейге төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары шұғыл көмек көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға туралы алаңдаған немересі қоңырау шалып хабарлаған. Шақырту түскен бойда оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары дереу жетті.
Құтқарушылар баспалдақ пен арнайы құралдардың көмегімен пәтерге терезе арқылы кірген. Пәтер ішінде денсаулығына байланысты қозғала алмай қалған әже төсекте жатқан. Оған алғашқы көмек көрсетіліп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Құтқарушылар тағы бір рет жедел әрекет етіп, адам өміріне тікелей көмек көрсетті. Төтенше жағдайлар министрлігі қиын жағдайда қалған жақындарыңызға бейжай қарамай, уақытылы хабарласуға шақырады.