Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Демалыс күндерi карантин талаптарымен бiрге шаһардағы дезинфекциялау шаралары да күшейдi. Петропавлдағы 400-ге жуық аялдама мен 250-ден аса автобус зарарсыздандырылды.
Демалыс күндерi карантин талаптары күшейтiлдi. Ойын-сауық орталықтары, супермаркеттер, сауда орындары жабылды. Тек дүкен, дәрiхана сынды санаулы нысан ғана жұмыс iстедi. Себебi айтпаса да түсiнiктi. Есесiне, көше кезiп, базар аралап жүргендер болмады. Мақсат та осы едi. Мұны шаһардың коммуналдық қызметтерi сәттi пайдаланып алды.
Өткен демалыс күндерi қала бойынша дезинфекция жұмыстары атқарылды. Барлық көшелер, аялдамалар, автобустар, тұрғын үйлер қамтылды. Екi күнде 384 аялдама мен 250-ден аса автобус арнайы дезинфекциядан өттi. Барлық көшелерде жұмыс атқарылды. 8 техника жұмылдырылып, шаруаға 40 шақты адам тартылды, - деді қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнiң баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Ал көпқабатты баспаналардағы жұмысқа пәтер иелерi кооперативi жауапты. Жалпы, қаладағы дезинфекция шараларының екiншi легi маусымның 15-i, коронавирус күш алғанда қайта бастау алды. Содан берi күн сайын халық көп шоғырланатын орындар зарарсыздандырылуда.