Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Бір шаңырақ астында» атты фестиваль өтті. Оған қазақ, неміс, орыс, әзербайжан, татар тағы басқа ұлт өкілдері қатысып, өздерінің салт-дәстүрлері, ұлттық тағамдары мен киімдерін паш етті.
Арнайы ұйымдастырылған көрмеде қазақ халқының шұжық, бауырсақ пен қоспасы, азербайжанның долма, пахлавасы, орыс ұлтының тұшпарасы мен тұздалған орамжапырағы, татар халқының чак-чак сынды тағы басқа тіл үйірер тағамдары ұсынылды. Өздерінің ұлттық киімдерін киген қатысушылар салт-дәстүрлерінен үзінді көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Сахна төрінде қазақ домбырасының шанағынан күмбірлеген күй төгіліп, орыс частушкалары шырқалып, әзербайжанның жалынды биімен әдемі үйлесім тапты. Диаспора өкілдері ата-бабаларының Қазақстанға келу тарихымен бөлісті.
«Мен әскери борышымды Ресейдің Саратов қаласында қазақ жігіттерімен бірге өтедім. Дос, бауыр болып кеттік. Қызмет мерзімі аяқталып, бәріміз жан-жаққа кеткенде, жолдастарым мені Қазақстанға шақырды. Келдім де, осында қалып қойдым. Қонақжай қазақ елі маған қатты ұнады. Осы жерде үйленіп, балалы-шағалы болдым. Зайыбым – орыс ұлтының өкілі, достарымның арасында қазақ, орыс, украин тағы басқалар бар. Бәріміз тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыз қуантады», - дейді әзербайжан ұлтының өкілі Мулькум Мустафаев.
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11 ұлт өкілі білім алуда. Білім ордасында Алғыс айту күнін атап өту жақсы дәстүрлердің біріне айналған.
«Біз жыл сайын түрлі ұлт өкілдерінің арасында сан-алуан шаралар өткіземіз. Мәселен былтыр, 1 наурыз күні ашық аспан астында 300 келі бауырсақ пісіріп, көпшілікке өзіміздің ұлттық тағамымызды дәріптедік. Биыл фестиваль өтіп жатыр. Оқушылар Қазақстанда тұрып жатқан ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерін біліп, мәдениетінен, тұрмыс ерекшелігінен хабардар болса, артық етпейді деп ойлаймын. Бір жағынан мұндай жиындар балаларды ұйымшыл болуға баули түседі. Фестивальға қатысушылар өздерінің ата-бабаларының елімізге қалай келгенін айтып, бауырмал қазақ ұлтына алғыстарын жаудырып жатыр. Сондай сәтте өзімнің қазақ болып туғаныма бір марқайып қаламын», - дейді Петропав қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің көркемдік жетекшісі Айнагүл Темірханова.
Топқа бөлінген әр ұлт өкілдері ұлттық киім тігіп, тағам пісіріп, көп дайындалғандары аңғарылып тұр. 11 сынып оқушысы Владислава Соболева сыныптастары көп қолдау көрсеткенін айтады.
«Барша қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Бұл мейрам шын мәнінде 100-ден астам ұлт өкілін бір шаңырақ астына жинайды. Елбасымыз 1 наурызды «Алғыс айту күні» мерекесі деп жариялағаны тегін емес. Себебі бұл ескінің жаңарып, тіршіліктің жандана түсетін көктемнің басы. Бүгінгі фестивальда өзіміздің ұлттық частушкамызды орындап, азербайжанның пахлавасының дәмін таттым. Өте қызық болды», - дейді ол.
Фестивальға қатысушылар алхыс хат пен арнайы сыйлықтармен марапатталды.