Астана, baq.kz. Петропавл қаласында 17 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды.
Олардың басым бөлігі өткен ғасырдың ортасында салынған. Ғимараттардың төбесінен су ағып, қабырғалары сөгіліп, әбден тозығы жеткен. Сондықтан жергілікті билік өкілдері биыл шаһарда бірнеше баспананы сүріп, орнына жаңасын тұрғызуды жоспарлап отыр.
«Тұрғын үй батпақта орналасқандықтан, пәтерді шыбын-шіркей жаулаған. «Мазаны әбден алып болды», - дейді зейнеткер. Сондықтан қария зиянкестермен күресу үшін айына 10 мың теңгесін жұмсайды.
Бір қызығы, жазы былай тұрсын, бұл үйде қысты күні де шыбын-шіркейлер қаптап жүреді. Айналасы бір сағаттың ішінде бізді де талап тастады. Ал зейнеткерлер болса, арнайы қорғаныштармен қорғанады.
«Биыл облыс орталығындағы 1 Май көшесінде орналасқан төрт бірдей апатты үй сүрілетін болады. Ал оның орнына 93 пәтерлі, екі көпқатты тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Айта кеткен жөн, бүгінгі күні Петропавл қаласында комиссияның шешімімен 17 көпқабатты тұрғын үй апатты деп танылды», - дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадияр Жангудин.