СҚО, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда мектеп оқушылары жылжымалы күн батареясын жасап шығарды. Жас өнертапқыштардың айтуынша мұндай қондырғы жарық энергиясын көбірек өндіруге мүмкіндік береді.
Камила Арсланова мен Алтыншаш Даниярова Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-ші сынбында оқиды. Жас ғалымдар бірнеше жылдан бері Солтүстік Қазақстан өңірінде күн энергиясын өндіру мәселелерін зерттеумен айналысып жүр.
Оқушылар жылжымалы күн батареяларының екі макетін жасап шығарған. Оның бірі – стационарлық қондырғы болса, екіншісі – жылжымалы. Шағын роботтың көмегімен панельді күн сәулесі түсіп тұрған бағытқа қарай қозғалып тұратын қондырғы – энергия көзін көбірек өндіруге мүмкіндік береді.
«Соңғы жылдары жердің түрлі табиғи қорларының тапшылығы туындағанына байланысты баламалы энергия көздерін табу – маңызды мәселелердің біріне айналды. Күн сәулесі аз түсетін болғандықтан, теріскейде жарық энегриясын өндіру – күрделі проблемалардың қатарында. Сондықтан, біз осы тақырыпты зерттеуді қолға алдық. Мен оны бағдарламалау жағын мойныма алдым. Алгоритм құрастырдым. Панельді керек бағытқа қарай бұрып, қозғалысқа келтіретін робот жасадық. Екі датчик жарықтың бағытын қадағалап тұрады, оның көмегімен робот панельді қозғалысқа келтіреді», - дейді жоба авторларының бірі Камила Арсланова.
Жобаны жасап шығару үшін оқушылар бірнеше ай бойы еңбектенген. Жылжымалы және стационарлы батареялардың айырмашылығын зерттеу мақсатында бірдей панельдер құрастырып шығарған. Оның біріне күн батареясын қозғалысқа келтіріп тұратын робот орнатқан.
«Күн батареяларын құрастыру оңай болған жоқ. Көп уақыт алды. Мұндай жұмыс төзімділікті талап етеді. Тіпті қолымызға желім төгіп алып, саусағымыз жабысып, Камила екеуміз әуреге түскен кездеріміз де болды. Бірақ бізді ешқандай кедергі тоқтатқан жоқ. Алдымызға қойған мақсатымызды орындадық. Демалыс күндері мектепке келіп, тәулігіне 4-5 сағат тапжылмай отырған кездеріміз де болды», - дейді Алтыншаш Даниярова.
«Оқушыларды Солтүстік Қазақстан облысында күн энергиясын өнріру мәселесі қатты қызықтырады. Өйткені біздің өңірде ауа райының ерекшелігіне байланысты баламалы қуаттың аталған көзін пайдалану – тиімсіз болып саналады. Біз жылжымалы күн панельдері арқылы бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймыз. Мен балаларға тек бағыт-бағдар беріп отырдым, негізгі жұмысты өздері атқарып шықты. Үнемі идеяларын ортаға салып, пікір алмасып тұрдық. Болашақта бұл жобаны дамытып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады деп ойлаймын. Күн батареяларын өндіріс цехтарында, ауыл шаруашылығы саласында кәдеге жаратуға болады», - дейді Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Лариса Овчиникова.
Болашақта оқушылар аталған жобаны жетілдіре түспек. Жас ғалымдардың пікірінше панельдер оңға және солға ғана бұрылып қана қоймай, жоғары және төмен бұрылатын болса, күн батареяларының тиімділігі арта түспек.
Эльмира Кәленова
Фото автор