Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавл тұрғыны полицияға бір жарым ғасыр бұрын жасалған қаруды полицияға тапсырды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны ескі гаражын бұзған кезде еден астынан түйіншек тауып алған. Ол матаға оралған көне мылтық болып шығады. Ер адам табылған затты бірден қалалық полиция басқармасына тапсырыпты.
Зерттеу барысында криминалистер бұл қарудың аңшы мылтығына қолдан өзгертілген, халық арасында «фроловка» деп аталып кеткен 1870 жылғы Бердан винтовкасы екенін анықтады.
Тарихи дереккөздерге сүйенсек, XIX ғасырдың аяғында Бердан винтовкалары аңшы мылтығы ретінде сатылған. Кейін 1920 жылдары бұл винтовкалар Тула қару зауытында 28-ші калибрлі қаруға өзгертіліп шығарылды.
Криминалистердің қорытындысына сәйкес қару атуға жарамсыз. Қазіргі уақытта сирек кездесетін мылтықты облыстық полиция департаментінің музейіне тапсыру мәселесі шешіліп жатыр. Тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсыру нәтижесінде заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске саламыз, – дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Құрман Мусин.
Бұған дейін балық аулауға барған Петропавл тұрғынының қармағына мылтық іліккенін айтқан едік.