Бұл туралы қала әкімі Руслан Анбаев өзінің әлеуметтік желісінде мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Петропавл кішігірім, өзінің жылы атмосферасы, тарихы мен құндылықтары бар қала. Алайда жаңа нысандардың құрылысы мен абаттандыруды жөнді жүргізбесек, осы ерекшеліктен айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан биыл біз қаламыздың дизайн-кодын әзірлейміз. Мұндай құжат еліміздің көптеген қалаларында қолданылып келеді, - деп жазды әкім.
Оның айтуынша, дизайн-код қаланың сәулеттік келбеті мен эстетикалық көрінісін жетілдіру жөніндегі ережелер мен ұсынымдардың жиынтығы болады. Осылайша алдағы уақытта бой көтеретін нысандардың сыртқы келбеті өзара үйлесімді болады, яғни қаланың келбетімен үндестік табады.
Дизайн-кодты әзірлеу үшін бюджеттен 81 млн теңге қарастырып отырмыз. Бұл соманы қалалық мәслихат сессиясында депутаттар қолдап, бекітті. Енді конкурс жариялап, іске кірісеміз. Дизайн-кодты әзірлеуге тұрғындардың да белсене атсалыса алатынын атап өткім келеді. Қала келбетін ретке келтіру бойынша ұсыныстарды жерлестерімізден қабылдайтын боламыз. Облыс орталығын одан әрі құлпырту үшін бірге аянбай еңбек етейік! - деп мәлімдеді қала басшысы.