Мектеп оқушылары қайырымдылық балында 3 млн теңгеден астам қаржы жинады

3 Маусым 2019, 19:46
3630
Бөлісу:
Мектеп оқушылары қайырымдылық балында 3 млн теңгеден астам қаржы жинады
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда Назарбаев Зияткерлік мектебі суденттерінің ұйымдастыруымен «Әлемге жақсылық сыйла» атты бал өтті. Қайырымдылық шарасы барысында жиналған 3 миллион теңгеден астам қаржы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арбалар мен есту аппараттарын сатып алуға жұмсалды. Сондай-ақ 3 балаға ақшалай көмек көрсетілді.

Қайырымдылық балын ұйымдастыруға барлығы 400 адам жұмылдырылған. Оқушылардан құралған 200 жұп сұлулық, ізгілік пен мейірім салтанат құрған кештің сәніне айналды. Жас бишілер қайырымдылық шарасына ұзақ дайындалыпты. 

«Біздің мақсатымыз – көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп қана қоймай, жас ұрпақты өзгенің қиындығын бөлісе білуге баулу. Мектебімізде түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады. Ұжыммен қайырымдылық балын өткізуді дәстүрге айналдыруды ұйғардық. Осындай шараны екі жылда бір рет ұйымдастырмақпыз. Бүгінгі жиынға 8-12 сынып оқушылары қатысты. 200 бала еріктілер қатарында. Бишілер дайындық жасаса, еріктілер ұйымдастыру мәсілелерін өз мойнына алды», - дейді мектеп хорографы Виктория Тихонко. 

Аукционға 12 лот шығарылды. Оның 8 картина болса, 4 қыштан жасалған бұйымдар. 9 сынып оқушысы Аружан Бекеттің қолынан шыққан «Піл» атты картинасы 136 мың теңгеге сатылды. 

Мектеп оқушылары қайырымдылық балында 3 млн теңгеден астам қаржы жинады

«Піл – даналық, ақыл, сабырдың символы. Бұл картина өзі барған шаңыраққа сенім, махаббат, береке әкелетініне сенімдімін. Осы суретті салу үшін 5 күн еңбектендім. Жұмыс барысында бойымдағы бар өнерімді салуға тырыстым. Осы әрекетім біреуге аз да болса көмек болатыны жайындағы ой мені алға итермеледі. Бағасы 8 мың теңгеден басталған картинам бүгінгі аукционда ең қымбат бағаға саудаланды. Қатты қуанғаным рас. Себебі дәл осындай бағаға сатылады деп ойламаппын. Кәсіби суретші де емеспін. Оны сатып алған кәсіпкерге алғысым шексіз», - дейді ол. 

Аукционға шығарылған бұйымдардан түскен қаражат сомасы – 569 мың теңгені құрады. Бұл қаржы ерекше қажеттілігі бар балаларға материалдық көмек ретінде берілді. Сатылған билет пен демеушілер қаражатына туа біттті сал ауруына шалдыққан 2 балаға арнайы арба мен құлағында мүкісі бар 3 жеткіншекке есту аппараттарын алуға жұмсалған. 

Мектеп оқушылары қайырымдылық балында 3 млн теңгеден астам қаржы жинады

«Менің балама есту аппаратын сыйға тартқандарыңыз үшін рахмет. Осындай ізгі ұрпақ өсіп келе жатқан қоғамда өмір сүріп жатқаныма қуанамын. Шығармашыл, ізденімпаз, талантты жастар барда еліміздің болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Баршаңызға мың алғыс», - деді көпшілік алдында сөз алған Ирина Диденко. 

Мектеп ұжымы балаларға арба мен есту аппараттарын сыйға тарқан сәт ерекше әсерлі болды. Ата-аналар мен балалардың қуанышы балға қатысушылардың барлығын толқытқаны анық. Қайырымдылық балы барысында 8 отбасына материалдық көмек көрсетілді. 

Мектеп оқушылары қайырымдылық балында 3 млн теңгеден астам қаржы жинады

 

Өзгелердің жаңалығы