Анықтама

Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы

2973

Қазіргі лауазымы: Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы


Әлеуметтік желілерде: https://www.instagram.com/tokayev_online/?hl=ru 
                                        https://twitter.com/TokayevKZ?lang=ru

Туған жылы: 1953 жылы 17 мамырда

Туған жері: Алматыда туған.

Отбасылық жағдайы: Үйленген, ұлы бар

Білімі: 1970 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына түсті. 5-курста КСРО-ның ҚХР-дағы Елшілігіне диплом алдындағы жартыжылдық машықтамаға жіберілді.

Қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген, француз тілін біледі.


1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа кірісіп, Сингапур Республикасындағы кеңестік елшілікке жолданды.


1979 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратына қайта оралды.


1983 жылы Пекин лингвистикалық институтындағы 10 айлық тіл курстарына қатысу үшін Қытай Халықтық Республикасына аттанды.


1984-1985 жылдары КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызметте болды. Одан кейін Пекиндегі кеңестік елшілікке жолданып, онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарын атқарды.


1991 жылы Мәскеудегі КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының дипломатиялық басшы кадрлардың біліктілігін арттыру курстарына түсті.


1992 жылы Қ-Ж.Тоқаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалды.


1993 жылы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары және 1994 жылы Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.


1999 жылдың наурыз айында Премьер-министрдің орынбасары болды.


1999 жылдың қазан айында Парламенттің келісімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Премьер-министр лауазымына тағайындалды.


2002 жылдың қаңтарында отставкаға кетіп, кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.


2007 жылдың қаңтарына дейін Сыртқы істер министрі ретінде жұмыс істеп, кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.


Сыртқы істер министрі лауазымында Қ-Ж. Тоқаев, тұтастай алғанда, 10 жыл еңбек етті (1994-1999, 2002-2007).


Сыртқы істер министрі ретінде Тоқаев ядролық қаруды таратпау ісіне белсене атсалысты. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың 1995 және 2005 жылдардағы шолу конференцияларына қатысқан. Ол 1996 жылы Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ), ал 2005 жылы Семейде – Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа (ОАЯҚААШ) қол қойды.


2003 жылы теңізге шығу мүмкіндіктері жоқ дамушы елдер министрлерінің Халықаралық конференциясына төрағалық етті. Конференцияда Алматы іс-қимылдар бағдарламасы әзірленді және теңізге шығу мүмкіндіктері жоқ дамушы елдердің Алматы декларациясы қабылданды.


Қ-Ж.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының он сессиясының жұмысына белсене атсалысқан, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері Кеңестерінің Төрағасы болып сайланған, Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық рангіне ие.


Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы ретінде 2008 жылы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-Президенті болып сайланған.


2011 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Тоқаевты Бас хатшының орынбасары, Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы Бөлімшесінің Бас Директоры және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Қарусыздандыру жөніндегі конференциядағы жеке өкілі етіп тағайындау туралы шешімін жария етті. Сонымен қатар, ол Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын иеленеді. Ол БҰҰ-ның Швейцариядағы қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлға болып табылады.


2013 жылдың 16 қазанында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасы болып сайланды.


2019 жылдың 20 Наурызынан бастап Қазақстан Президенті өкілеттігін уақыттша атқарушы.


2019 жылдың 9 маусымында жалпы халықтың сайлау нәтижесі бойынша 70,96% дауыс жинап Қазақстан Республикасының Президенті болып тағайындалды.

2022 жылдың 5 қаңтарында Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. 


Қасым-Жомарт Тоқаев - саяси ғылымдар докторы. Халықаралық қатынастар мәселелері бойынша тоғыз кітап пен бірқатар мақалалардың авторы. Ол Бүкіәлемдік гуманитарлық және жаратылыс ғылымдары академиясының мүшесі, Мюнхен қауіпсіздік конференциясы «Даналар» кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ, Шэньчжэнь университетінің құрметті профессоры (ҚХР), Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры және докторы әрі оның Қамқорлық кеңесінің мүшесі, Халықаралық қатынастар жөніндегі Қазақстан кеңесінің Құрметті президенті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы, Женева дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің Құрметті деканы. Ол ҚР СІМ Нәзір Төреқұлов және РФ СІМ А.Горчаков атындағы естелік медальдарымен, Женева Университетінің «Академикус» грамотасымен, сондай-ақ, С.Н.Рерих атындағы естелік медалімен марапатталған. Орыс Биографиялық қоғамы Қ. Тоқаевты "Жыл адамы - 2018" лауреаттарының тізіміне енгізген.


Қазақстанның саяси құрылымына қатысты көзқарасы: «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беруші Үкімет» (2014 жылғы 24 қарашада Астанада өткен парламенттік конференцияда мәлімдеген).


2016 жылғы 29 сәуірде Сенатта өткен тыңдауларда Қазақстандағы жерді жалға беру мен сату жөнінде Жер кодексіне енгізілген даулы түзетулерге қатысты мәлімдемесінен: «Бұл орайда, жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы туралы айтып қана қоймай, аталған талапты түрлі қитұрқы жолдармен «айналып өткісі келетіндерге» тосқауыл қою үшін заңның осы ережесін құқықтық тәсілдермен іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы, Мемлекет басшысының жердің ұлттық юрисдикциясы мен жерді тиімді әрі ұтымды пайдалану туралы талабын міндетті түрде орындау қажет». Қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесіне қатысты 2017 жылғы 22 қыркүйекте өткен парламенттік тыңдауларда былай деген болатын: «Біздің алдымызда стратегиялық маңызы жоғары міндет - латын әліпбиіне көшу мәселесі тұр. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – бұл жаһандық ғылым мен білім жүйесіне ықпалдасу үшін жасалған қадам әрі рухани тұтастығымыздың кепілі болып табылады. Бұл жұмысты біз ойластыра отырып, сатылы және жинақы түрде жасауымыз керек. Бірақ ұзаққа созудың да қажеті жоқ. Ең бастысы – біздің қателесуге құқығымыз жоқ».


Қ-Ж. Тоқаев қазақ тілінің латын әліпбиінің алғашқы нұсқасына байланысты сыни көзқарасын білдірді: "Ұлттық комиссия латын әліпбиі бойынша толыққанды соңғы шешімін шығарған жоқ, сондықтан газет беттерінде және басқа да жерлерде апострофтарды қолдануға әлі ерте". Аталған мәлімдемеден соң жаңа әліпбиді енгізу бойынша қарқынды жұмыс басталып кетті, нәтижесінде Қ-Ж. Тоқаев 19 ақпанда барлығын "тарихи оқиғаның" орын алуымен құттықтады.


2018 жылдың 19 желтоқсанында Сенаттың отырысында Тоқаев есірткі бизнесімен айналысатын қылмыскерлерге қатысты сот тергеуін өмір бойы түрмеге қамау және өлім жазасына кесуге дейін қатаңдатуды ұсынды, себебі олардың іс-әрекетін мемлекеттің ұлттық мүдделеріне қауіп төндіретін терроризмге теңестіруге болады.


2019 жылдың 8 ақпанында өткен ЕАЭО-ның сауда саясаты туралы ҚР Парламенті Сенатының тыңдауында Тоқаев: "Интеграция - бұл, шын мәнінде, өзара тең мүдделерді табу деген сөз. Интеграцияда аутсайдерлер мен есе жібергендер болмауы тиіс, керісінше, барлық қатысушылар ұтысқа кенелуі керек" деп атап көрсетті.


Қасым-Жомарт Тоқаев 13 жыл бойы Қазақстанның Үстел теннисі федерациясының Президенті болды.

Қазақстан Республикасының және басқа да елдердің бірнеше мемлекеттік наградаларымен марапатталған.

Марапаттары:

Отан ордені (2014)

Орден «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордені (2004)

Парасат ордені (1996)

Астана медалі

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі

«Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл» медалі

Құрметі ордені (Ресей Федерациясы, 2017 жылғы 1 наурыз) — Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы халықтарының арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан мол үлесі үшін

Достық ордені (Ресей Федерациясы, 2004 жылғы 12 желтоқсан) — Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан мол үлесі үшін

ІІІ дәрежелі Ярослав Мудрый князь ордені (Украина, 2008)

«Достастық» ордені (ТМД ПАА, 2007)

1 санатты Серб туы ордені (2016)

"Қоғамдық бедел" құрметті алмаз ордені (РФ)

«Федерация кеңесі. 20 жыл» мемрейтойлық медалі

«Достық ағашы» медалі (ТМД ПАА, 2003)

ТМД Грамотасы

«Астанаға 20 жыл» мерейтойлық медалі (2018)

Бөлісу: