Perseverance алғаш рет Марстағы көмірқышқыл газын оттегіге айналдырды

22 Сәуір 2021, 22:38
2073
Бөлісу:
Perseverance алғаш рет Марстағы көмірқышқыл газын оттегіге айналдырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Марсқа 18 ақпанда қонған Perseverance аппараты атмосферасының 96 пайызы көмірқышқыл газынан тұратын планетада алғаш рет оттегі өндірді. Бұл туралы АҚШ ғарыш агенттігінің (NASA) сайтында жазылған.

Аппарат арнайы сынақты 20 сәуірде жүргізген.

Perseverance MOXIE атты тәжірибелік аппараттың көмегімен көмірқышқыл газын оттегіге айналдырып, 5,4 грамм оттегі алған. Ғалымдардың айтуынша, бұл астронавтың шамамен 10 минут тыныс алуына жетеді. Аппарат сағатына 10 грамм оттегі шығара алады деп айтылады. Сарапшылар мұндай әдістің көмегімен Марста оттегіні өндіріп, сақтауға болады деп санайды. Бұл ол жаққа басқарылатын ғарыш аппаратын жеткізуді де жеңілдетуі тиіс.

Perseverance былтыр маусым айында Марсқа жіберілген. Ақпан айында "қызыл ғаламшарға" қонып, наурыз айының басында алғаш рет тест-драйвтан өтті. Аппаратты алда төрт негізгі ғылыми тапсырма күтіп тұр: планетаның өмір сүруге жарамдылық деңгейін бағалау, тіршілік белгілерін іздеу, Жерге жіберілетін сынақ үлгілерін жинау, адамды Марсқа қондыруға дайындау.

Өзгелердің жаңалығы