Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Каримов Перизат Қайрат ісі бойынша сот процесінің не себепті ішінара жабық өтетініне түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Судьяның айтуынша, сот процесін толықтай жабық өткізуге негіз жоқ. Алайда кейбір жағдайларды ескере отырып, сот құпия ақпараттың жария болу қаупін болдырмау үшін жекелеген бөліктерді жабық режимде өткізуді жөн санаған.
Анықталмаған адамдар тобына тиесілі банк құпиясын сақтау қажеттілігін ескере отырып, сот айыпталушылардан жауап алу, олардың түсініктемелері мен қылмыстық іс материалдарын зерделеу кезінде – егер оларда құпия ақпарат болуы мүмкін болса –процесті жабық форматта өткізуді ұйғарды. Ал қалған бөлігі ашық режимде өтеді, – деді судья Сабыржан Каримов.
Сот шешімінен белгілі болғандай, қорғаушы тарап сот отырысын толықтай жабық форматта өткізуді сұраған. Бұл ұсыныстың себептерінің бірі – істі Палестина халқына көмек ретінде қаражат жинаумен байланыстыру болған. Cудья бұл уәжге де нақты жауап берді.
Қорғаушы тараптың Қазақстанның Израиль және Палестинамен халықаралық қатынастарына әсер етуі мүмкін деген уәжі негізсіз деп танылды. Себебі айыптау қорытындысында мемлекеттер арасындағы әскери қақтығыстар туралы ешқандай мәлімет жоқ. Перизат Қайратқа мұндай әрекеттер бойынша айып тағылмаған. Сот тек нақты тағылған айып аясында істі қарайды, – деді Сабыржан Каримов.
Айта кетейік, бүгін Перизат Қайрат ісі бойынша сот басталды.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.