"Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қорының жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша 47 адам жәбірленуші ретінде танылды. Бұл туралы сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы Арман Кизикен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айыптаушының айтуынша, аталған қордың есепшотына қаражат аударған азаматтар қылмыстық іске байланысты жәбірленуші ретінде тіркеліп отыр.
Қазіргі уақытта сотталушыларға қатысты дәлелдемелер зерттеліп жатыр. Атап айтқанда, айыптау тарапы Перизат Қайраттың әлеуметтік желідегі парақшасындағы жазбаларды саралауда.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.
Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған.