Перизат Қайраттың анасы үй қамаққа алынды

4 Сәуір 2025, 11:13
1312
Бөлісу:
Перизат Қайраттың анасы үй қамаққа алынды
Фото: kursiv.media

Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Гәни Алашбаеваға қатысты істің егжей-тегжейін жария етті, деп хабарлайды BaQ.KZ тілшісі.

Айыптау нұсқасына сәйкес, күдіктілерге аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру баптары бойынша айып тағылуда.

"Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық ұйымына түскен қаражатты Перизат Қайрат өзінің жеке шотына және анасы Гәни Алашбаеваның шотына аударған.

Ол бұл ақшаларды зергерлік бұйымдарға, киімге, жиһазға, саяхаттарға, сондай-ақ жөндеу, көлік жалдау және басқа да қызметтерге жұмсаған.

2024 жылғы 1 сәуір мен 15 қараша аралығында, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Перизат Қайрат қоғамдық ұйымның шотына 2,8 млрд теңге жинаған.

Заңсыз табысты заңдастыру үшін ол өз бақылауындағы 16 жеке кәсіпкерлікпен жалған келісімшарттар жасап, металл үй, қайық, етік және басқа да тауарлар жеткізіледі деп көрсеткен. Алайда бұл тауарлар нақты жеткізілмеген, - деді АФМ.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сәйкес:

– Перизат Қайрат 1 миллиард теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған;

– Осы соманың ішінен 72 миллион теңгені ол анасының атына тіркелген "Алашбаева" ЖК-нің шотына аударған, сылтауы — Солтүстік Қазақстан облысындағы (СҚО) зардап шеккендерге тұрмыстық техника сатып алу. Бірақ шын мәнінде бұл ақша қолма-қол алынған, ал бір бөлігіне 6,9 миллион теңгеге Rolex сағаты сатып алынған.

Сонымен қатар, 2024 жылдың қаңтарында Қайрат Палестинаға көмек ретінде жиналған қаражаттың бір бөлігін "Rebel Flowers" ЖШС-ін сатып алуға жұмсаған. Сатып алу құны 23 миллион теңге болғанымен, келісімшартта 2 миллион теңге деп көрсеткен. Агенттік есебіне сәйкес, бұл гүл бизнесінен Қайрат 69 миллион теңге табыс тапқан.

Перизат Қайрат жымқырылған қаражатқа мынандай жылжымайтын және жылжымалы мүліктер сатып алған:
• 4 автокөлік;
• 4 пәтер;
• 2 автотұрақ орны;
• Бір үй, бір жер телімі және құрылыс нысаны.

Сондай-ақ оның иелігінен жалпы құны 158 миллион теңгеге бағаланған зергерлік бұйымдар, аяқ киімдер мен сөмкелер тәркіленген.

Қылмыстық жолмен алынған, жалпы құны 865 миллион теңге болатын барлық мүлікке сот шешімімен тыйым салынған.

Белгілі болғандай, Перизат Қайрат анасымен бірге сотталатын болды.

Өзгелердің жаңалығы