Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Мадина Оразалина сот пен қатысушылардың назарына айыпталушылар туралы толық мәлімет ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Прокурордың мәліметінше, Перизат Қайрат пен Найни Алашбаева ҚР Қылмыстық кодексінің:
- 190-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы бойынша (алаяқтықтың 3 эпизоды),
- 218-бабы, 2-бөлімі, 1-тармағы, 218-бабының 3-бөлімі, 3-тармағы бойынша (ақшаны заңдастыру) жауапқа тартылып отыр.
Перизат Қайрат кім?
Перизат Қайрат – 1991 жылы 5 шілдеде Ақтөбе облысында туған, Қазақстан азаматы, тұрмыс құрмаған. Ол бұған дейін таратылған "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушысы, президенті және басшысы болған.
Психиатриялық немесе наркологиялық есепте тұрмайды, білімі – аяқталмаған орта. Бұрын сотты болмағанымен, прокурор оның 2012 жылы қылмыстық іске қатысты болғанын атап өтті.
ІІМ мәліметі бойынша, Перизат Қайрат 2012 жылы қылмыстық қудалауға тартылған, алайда іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған, – деді Оразалина.
Айта кетейік, Перизат Қайратқа қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылған. Ол 2024 жылдың 14 қарашасынан бастап уақытша ұстау изоляторында отыр.
Сот процесі жалғасып жатыр.
Бұған дейін Перизат Қайрат халықты қалай алдағаны айтылды.
Сондай-ақ сот залынан БАҚ өкілдерін шеттету туралы шешім қабылдағанын жаздық.
Тыңдау жартылай жабық режимде өтіп жатыр. Журналистер арнайы баспасөз орталығынан ақпарат таратып жатыр. Залда отыруға тек тараптарға ғана рұқсат берілді.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.