Сотта прокурор Арман Кезекен Перизат Қайратқа қатысты Газа секторындағы тұрғындарға көмек ретінде қаражат жинауға байланысты екінші эпизод бойынша айыптау мәліметтерін жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаражат жинауды көбейту мақсатында, 2023 жылдың қазанында Перизат Қайрат Қазақстандағы Палестина елшілігіне барып, әскери қақтығыстан зардап шеккендерге қор арқылы көмек көрсету туралы ынтымақтастық келісімін жасауды ұсынған, – деді Кезекен.
Осыдан кейін Қайрат елшілік өкілімен келісімшарт жасап, оған сәйкес Газа секторындағы тұрғындарға көмек көрсету жоспарланған. Қоғам белсендісі Instagram парақшасында гуманитарлық көмек көрсетілгенін дәлелдейтіндей етіп түрлі фото мен видео жариялап отырған.
Алайда бұл видеолардың қоғамдық ұйымның нақты гуманитарлық көмегімен еш қатысы жоқ және олар халықты алдау үшін пайдаланылған. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 566 млн теңге көлемінде қайырымдылық жиналған. Бірақ бұл қаражаттың тек 7 млн теңгесі ғана Палестина елшілігінің шотына аударылған. Ал қалған 559 млн теңгені Қайрат пен Алашбаева өз қалауынша жұмсаған, – деп айтты прокурор.
Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушылар қаражатты мынадай мақсаттарға жұмсаған:
- Atana Hotel, Habtoor Palace, Palazzo Versace Hotel, Madinat Jumeirah, Five Hotel Fze секілді қонақүйлерде тұруға;
- Nusret мейрамханасында тамақтануға, такси қызметтеріне, көлік жалдауға және ұшақ билеттерін алуға;
Қайрат өзіне тиесілі жеке кәсіпкерлікке 178 миллион теңгені "көмек" ретінде аударған – көмір алу, Жаңа жылдық сыйлықтар және Газа тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету сылтауымен;
- 30 млн теңгеге Mercedes-Benz көлігін сатып алуға;
- 86 млн теңгеге Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен пәтер алуға.
Прокурорлардың айтуынша, ұрланған қаражатты заңдастыру үшін олар 23 миллион теңгеге жұмыс істеп тұрған "Rebel Flowers" гүл бизнесін сатып алған. Кейін осы бизнестен Перизат Қайрат пен анасы 68 млн теңге табыс тапқан.
Бұған дейін Перизат Қайрат халықты қалай алдағаны айтылды.
Сондай-ақ сот залынан БАҚ өкілдерін шеттету туралы шешім қабылдағанын жаздық.
Тыңдау жартылай жабық режимде өтіп жатыр. Журналистер арнайы баспасөз орталығынан ақпарат таратып жатыр. Залда отыруға тек тараптарға ғана рұқсат берілді.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.